Әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды

Бүгiн, 17:29
138
Бөлісу:
Әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Эстонияның Тарту қаласында өткен эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионатының жүлдегерлерін жанкүйер қауым Астана әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлем чемпионаты 22-24 қараша күндері өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 19 елінен 447 спортшы қатысты. Қазақстан намысын қорғаған 6 команда арасынан ересектер санатында елордалық Samruk командасы және жасөспірімдер санатында Alan-Junior командасы үшінші орын иеленіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Айта кету керек, бұл жетістік қос команда үшін биылғы алғашқы жеңіс емес. Бұған дейін олар Гонконгте өткен Азия чемпионатында да жүлделі орындарға ие болған.

Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, жүлдеге қол жеткізуді мақсат еттік. Бәсеке тартысты әрі эмоцияға толы болды. Бұл жетістігімізге бапкерлеріміздің, академиямыздың және ата-анамыздың қолдауының арқасында жеттік. Барлығына шексіз алғыс білдіреміз, – деді команда мүшесі Ақерке Оңғарбай.

Қазақстан құрамасы эстетикалық гимнастикадан әлем чемпионатына 2019 жылдан бастап тұрақты түрде қатысып келеді. 2022 жылы Аустрияда өткен жаһандық сайыста командалық есепте қола жүлде жеңіп алса, 2023 жылы Алматыда тұңғыш рет өткен әлемдік додада жасөспірімдер санатында Астананың "Самұрық" командасы қола жүлдені еншілеген еді.

Өзгелердің жаңалығы