Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Иранның астанасы Тегеран қаласында өтіп жатқан ат үстінде садақ атудан XVI әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап жүрген Ералхан Айкөз жақсы нәтиже көрсетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлем чемпионатының кеше өткен «корей стилі» бойынша Ералхан Айкөз бірінші орынға тұрақтаған болатын. Ал жалпы жарыстың бүгінге дейінгі қорытындысында ол 4-орынға тұрақтады.
Барлығы төрт түрлі сайыстан тұратын дүбірлі доданың ертең «венгр стилі», одан кейін «қазақ стилі» бойынша нағыз сұрмергендер анықталады.
Біз 17 қыркүйек күні Иранға келдік. XVI әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазіргі көрсеткіш бойынша корей стилінен бірінші орындамын. Жалпы ұпай саны бойынша 4-орындамын. Ертең тағы бір шешуші жарыс болады, Алла қаласа, содан жақсы нәтиже күтеміз деп ойлаймын. Барлық мүмкіндікті жасайтын боламын, – дейді мерген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Иран астанасында ат үстінде садақ атудан әлем чемпионаты өтіп жатқанын хабарлағанбыз. Онда еліміздің екі спортшысы ел намысын қорғап жүр.