Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлем болашағы – татулық пен бауырластықта: Папа Римский съезде үндеу жасады

17 Қыркүйек 2025, 13:03
419
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

 Астанада өтіп жатқан VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде Папа Римский XIV Лев үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Болашақтағы бейбітшілік пен бауырластық, ынтымақ пен бірлік – әрбір жүрек пен әрбір қолдың үлесін қажет етеді, - деді ол.

Папа Римский өз хатында барлық қатысушыларды құттықтап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдік деңгейде маңызды жиынды өткізуге жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді. Айтуынша, Конгресс тақырыбы бүгінгі әлем үшін ерекше өзекті. Себебі зорлық-зомбылық пен алауыздық жайлаған дәуірде дінаралық диалогтың маңызы бұрынғыдан да арта түскен.

«Синергия» дегеніміз – тек бір-бірімен ғана емес, Жаратушымен де бірге әрекет ету. Нағыз діни құндылық адамды өзара түсіністік пен ынтымаққа жетелейді. Бізді байланыстыратын ішкі өзара тәуелділікті сезіну – жеке адамдарды ғана емес, тұтас халықтарды біріктіретін күш. Сондықтан келісімге ұмтылу – жай ғана таңдау емес, ол біздің біртұтас адамзат ретінде өмір сүруіміздің табиғи заңдылығы, – деді Папа.

Папа Римскийдің мәлімдеуінше, әріптестік пен ынтымақ – айырмашылықтарды жою емес, қайта оларды мойындап, байлыққа айналдырудың жолы. Католик шіркеуі өзге діндердің бойындағы барлық «шындық пен киелі құндылықты» мойындайтынын және әрбір дәстүрдің дара сыйын ортақ дастарханға әкелуге дайын екенін жеткізді.

Ол Ассизидегі 1986 жылғы діни лидерлердің кездесуін, 2019 жылы қол қойылған «Адам бауырластығы туралы құжатты» және 2022 жылғы Астана Конгресін еске салды. Бұл басқосуларда түрлі дін өкілдері зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы бірауыздан үн қатқан еді.

Біз аңсаған болашақ – бейбітшілік пен ынтымақтың, бауырластық пен солидарлықтың болашағы. Ол үшін барлық жүрек пен қолдың белсенді қатысуы қажет. Дін лидерлері әлсіздерді қорғап, бір ауыздан адам абыройын жақтап сөйлегенде, немесе табиғатты сақтап, жас көшеттер отырғызғанда – бәрі де сенімнің шын мәнінде адамдарды бөліп-жармай, біріктіретінін дәлелдейді. Міне, сондықтан да синергия бүкіл адамзатқа үміт сәулесін шашатын қуатты нышанға айналады, – деді ол.

Папа Римский дін – қайшылықтың емес, шипа мен татуласудың қайнар көзі деп отыр. Ал бүгінгі Конгресс жұмысы әлем халқын ынтымақ пен махаббат жолында табандылықпен еңбек етуге жігерлендіреді.

Бұл синергия қару емес, бірақ жан жарасын емдейді; өктем емес, бірақ табанды; әрдайым сүйіспеншілікке шақырады және қиналғанға қол ұшын созуға ұмтылады, – деп түйіндеді ол өз үндеуін.

Өзгелердің жаңалығы