Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған көрме ашылды.
Айта кетерлігі, аталған шара Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі мен Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің Елшілігі «БҰҰ-Әйелдер» қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде Еуропа мен Қазақстанның 28 көрнекті әйелдерінің бейнелері мен тарихтары ұсынылады. Иллюстрациялар өткен жылы Еуропалық Одақтың қолдауымен «Айшолпан» жасөспірім қыздарға арналған жобасы аясында жарық көрген «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабына арнайы жасалған. Ашылу салтанаты аталмыш кітаптың екінші басылымы таныстырылды.
Бұл көрмеге өткен ғасыр мен одан да ертерек замандағы 28 әйгілі әйелдердің портреттері қойылған. Олардың әрқайсысы Еуропалық Одақтың бір мемлекетінің өкілі. Айта кетерлігі, айтулы тұлғалардың арасында әйгілі қазақ қызы, композитор, домбырашы Дина Нұрпейісова да бар. Бұл экспозиция арқылы 8 наурыз – тек гүл мен торт сыйлауды ғана білдірмейтінін жеткізгіміз келді. Мереке арқылы әйелдердің теңдігі, қазіргі замандағы нәзік жандылардың алатын орны, олардың мүмкіндіктері, әр әйел өз арманын іске асыруы үшін қандай мүмкіндіктер бар екендігі туралы айтатын сәт, - деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас.
Сонымен қатар қоғамның әртүрлі саласында биіктен көріне білген Қазақстанның жас маман әйелдері өздерінің жетістікке жету жолы туралы әңгімелерімен бөлісті.
Мұндай көрме Қазақстанда бірінші рет өткізіліп отыр. Еуроодаққа мүше елдерде мұндай көрме өткізбеппіз. Болашақта бұл жобаны әрі қарай жетілдіреміз деген үміттеміз. Бұл көрмені өткізу туралы идея «Айшолпан» кітабын көрген соң келді. Кітапта ұсынылған заты әйел болғанымен, әрқайсысы бір-бір тұлға болып табылатын жандарды халыққа таныстырғымыз келді, - деді Нидерланды королдігінің Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы елшісі Андрей Карстенс.
Көрме астанадағы «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығында 16 наурызға дейін келем деушілерге есігін айқара ашады.