Алдияр батырға ескерткіш орнатылды

7 Қараша 2021, 16:50
2843
Бөлісу:
Алдияр батырға ескерткіш орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Сарқан ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алдияр батырға арналған еңселі ескерткіш ашылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ», - деген ұлағатты сөзді естен шығармай тарихта ізі қалған тұлғаларға тағзым етуді қасиетті парызымыздың бірі. Әрбір қазақ - ұлын ұлықтап, батырын ұрандап көтеретін өткеніне құрметпен қарайтын дара ел. Ауданымызда сонау өткен ғасырлардың өзінде қол бастап, еліне жалау бола білген жау жүрек батырларымыз аз болмаған білеміз. Солардың бірегейі, садыр руынан шыққан Алдияр бабамыз. Ел ұранына айналған баһадүр бабамызға арнап қойылған тас мүсін арқылы, келер ұрпаққа үлгі өнеге болары сөзсіз, - деді аудан әкімі Талғат Қанатұлы.

Алдияр батырға ескерткіш орнатылды

Алдияр Елекеұлы жаугершілік заманда елге пана болып, жер қорғаған батыр бабамыз 1641-1712 жылдар өмір сүрген. Ол қазақ-қалмақ, қазақ-қоқан, қазақ-шүршіт шайқастарына қатысқан. Тәуке ханның қол бастар сенімді жолдасы бола білген хас батыр.

Орнатылған ескерткіштің биіктігі 5 метр, салмағы 5 тонна болатын тас мүсін таза қоладан құйылған. Енді, сапарға шыққан жолаушылар батырдың ақ батасымен үлкен сапарға аттанбақ.

Алдияр батырға ескерткіш орнатылды

Еңселі ескерткіштің авторы - ҚР мүсіншілер одағының мүшесі, мәдениет саласының өнер қайраткері Еркін Ахметоллаұлы.

Сондай-ақ даңқты қолбасшы Алдияр Елекеұлының рухына арналған үлкен ас берілді.

Алдияр батырға ескерткіш орнатылды

Аудан  орталығы Сарқан қаласындағы М.Тынышбаев атындағы алаңда қазақ эстрадасының әншілері Рамазан Стамғазиев, Серікбол Сайлаубек және «Ағайындылар» тобы келіп, жұртшылыққа концерттік бағдарламасын ұсынды.

Айта кеткен жөн, демеушілердің көмегімен ескерткішті орнатуға 46 млн теңге қаражат жұмсалған.

Өзгелердің жаңалығы