Алданған азамат банктен құжатты 10 күнде ала алады – жаңа заң не береді?

Жаңа нормаларға сәйкес, 3 сәуірден бастап алаяқтық құрбаны болған әрбір азамат банктен өзіне қатысты барлық құжатты толық көлемде 10 күн ішінде талап етіп алуға құқылы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:50
Бүгiн 2026, 10:50
118
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда банк алаяқтығына қарсы күресті күшейтетін маңызды өзгерістер күшіне енді. Енді қаржы ұйымдарының қызметі қатаң бақылауға алынып, алданған азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері кеңейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжаттарды 10 күнде алу – енді заңмен бекітілді

Жаңа нормаларға сәйкес, 3 сәуірден бастап алаяқтық құрбаны болған әрбір азамат банктен өзіне қатысты барлық құжатты толық көлемде 10 күн ішінде талап етіп алуға құқылы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді.

Бұған дейін қаржы ұйымдары мұндай ақпаратты «банктік құпия» деп беруден бас тартатын. Енді бұл тәжірибеге заң жүзінде шектеу қойылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс сот процесінде дәлел ұсынуды айтарлықтай жеңілдетеді.

Өткен жылы қыркүйектен бастап несие беру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Алайда соған қарамастан алаяқтық фактілері азаймағанын байқадық. Тіпті мұндай жағдайлардың 90%-дан астамы банк жүйесінің ішінде жүзеге асады, - деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.

Несие рәсімдеу тәртібі күшейтілді

Мұрат Әбеновтің айтуынша, заңнамаға енгізілген түзетулердің басты мақсаты – алаяқтық жолмен рәсімделетін несиелердің алдын алу.

Енді барлық несие Ұлттық банк арқылы бақылаудан өтіп,клиенттің өтініші, электронды қолтаңбасы және биометриялық деректері міндетті түрде тіркеледі. Енді барлық құжат мемлекеттік ақпараттық жүйеде сақталады.

 Банк үшін бастысы – несие беру. Көп жағдайда олар дауды сотқа жеткізбей шешуге болатынын біледі. Сондықтан алаяқтықтың басым бөлігі осы салада орын алып отыр, - деді депутат.

Жаңа талаптар қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттырып, алаяқтық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Ұлттық банктің бақылауы қайта күшейді

Депутаттың сөзінше, 3 сәуірден бастап несие рәсімдеу процесі толықтай қатаң бақылауға алынды.

Несие алу үшін азамат банк бөлімшесіне барып, өтініш береді. Бұл өтініш Ұлттық банкке жолданады. Сонымен қатар клиенттің электронды келісімі мен биометриялық деректері де міндетті түрде Ұлттық банк арқылы тексеруден өтеді.

 Енді барлық процесс Ұлттық банк арқылы өтеді. Биометриялық келісім де ресми түрде тіркеліп, жан-жақты тексерістен кейін ғана несие рәсімделеді, - деді ол.

Алаяқтық азая ма?

Жаңа заң нормалары толық іске қосылғаннан кейін жалған несие рәсімдеу деректерінің азаюы,азаматтардың қаржылық қауіпсіздігінің артуы, банктердің ашықтығының күшеюі күтіледі.

Депутат бұл өзгерістерді «қаржы жүйесін тазартуға бағытталған нақты қадам» деп бағалады.

Сонымен қатар, бұрын заңсыз рәсімделген несиелер бойынша да азаматтар банкке өтініш беріп, өзіне қатысты барлық құжатты талап ете алады. Банк 10 күн ішінде жауап беруге міндетті, - деп түйіндеді депутат.

Депутат сөзінше, бұған дейін қаржы ұйымдары «банктік құпияны» алға тартып, мұндай құжаттарды ұсынудан жиі бас тартатын.

Еске салсақ, Қазақстанда сағатына 100 мың хабарлама таратып, SMS арқылы ірі алаяқтық жасаған топ ұсталды.

Наверх