Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы пандемияға орай елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телевизиялық үндеу жасады. Осыған орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова өз ойын айтты.
Расында да, Қазақстанда ауырғандар саны айтарлықтай көп, қайтыс болғандар да аз емес. Осыған орай Мемлекет басшысы 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып белгіленгенін атап өтті. Бұл – аты жаман індеттен о дүниелік болған отандастарымыздың, асыл азаматтарымыздың алдындағы парыз деп ұғынған абзал – деді ректор.
Сонымен қатар Президент қазақстандықтарды екі аптаға белгіленген карантин шараларын қатаң сақтап, саналы түрде әрекет етуге шақырды.
Оның айтуынша, ережелерді ескергенде ғана нәтиже болмақ. Бұл орайда ол коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түскендігін атап өтті. Дегенмен, қалыптасқан жағдайға қарамай, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқандығын да ескерген ләзім. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігі жайына да тоқталды. Шындығын айтқан жөн, бүгінде медициналық препараттардың дәріханаларда болмауы жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып жатқаны рас. Бар болған күннің өзінде бағасының бірнеше есе көтерілгендігі турасында әлеуметтік желідегі әлеумет жазып та, айтып та жатыр. Президент қажетті дәрі-дәрмектер қорының көбейетіндігін, оның бағасын негізсіз өсіріп, қиын-қыстау күндерде пайда табуды көздегендер заң шеңберінде жазаланатындығын жеткізді. Бұл тарапта нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар күшейетіндігін мәлімдеді – деді Гауһар Алдамбергенова.
Ректор қолға алынып жатқан іс-шаралардың көздеген мақсаты бір: аты жаман індетті ауыздықтау, ұлт саулығын қалыптастыру, азаматтарды аурудан арашалау екенін атап өтті.
Сөзімді Мемлекет басшысының пайымды ойымен түйіндесем: «Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. "Денсаулық – зор байлық" деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік. Әр азаматтың амандығы үшін күресейік! – деді ол.