Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шара жоспарланған.
Шымкент зауытында 2022 жылы мұнай қайта өндіру көлемін 800 мың тоннаға ұлғайту жоспарланып отыр. Павлодар мұнай өңдеу зауытында 2025 жылға дейін гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобасы іске асырылатын болады. Бұл өнімділікті 6 млн тоннаға дейін арттыруға және бұрын-соңды өндірілмеген қысқы дизель отынын жылына 160 мың тонна көлемінде өндіруге мүмкіндік береді. Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту өндіріс қуатын жылына 400-ден 450 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Мырзағалиев.
Сондай-ақ министр жеке инвесторлар Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша бірқатар жобаны іске асырып жатқанын айтты.
Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтсақ, «Standart Рetroleum & Со» компаниясымен қуаты – 2 млн тонна мұнай өңдеу жобасы жүргізіліп жатыр. «Стандарт Ресурсиз» компаниясы көмірден синтетикалық мұнай шығару және одан әрі мұнай өнімдерін алу арқылы қуаты 100 мың тонна болатын жобаны жүзеге асыруда, - деді Энергетика министрі.