Білім беру сапасын арттыру, оқу үшін қолайлы жағдай жасау мәселелерін үнемі бақылауда ұстаймыз. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бірлесіп, 2023-2029 жылдарға арналған Білім беру жүйесін дамыту жөніндегі жол картасына қол қойдық. Жоба білім беру саласын одан әрі дамытуға, түйткілді мәселелерді нақты шешуге бағытталған.
Жол картасын іске асыру аясында 2200 орынға арналған 22 шағын орталық ашуды, жеке балабақшаларға 39 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бөлуді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты жоспарымызда техникалық және кәсіптік білім алуға арналған гранттар санын ұлғайту мәселесі бар, - деді елорда әкімі.
Шаһар басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп құрылысына ерекше көңіл бөлінеді.
24 жайлы мектеп бойынша жобалау жұмысы жүріп жатыр. Жаңа үлгідегі мектептер 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында 13 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл шара үш ауысымды және тығыздалған режимі бар мектеп санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді, - деді Жеңіс Қасымбек.