Алдағы демалыс күндері Астанадағы жәрмеңкеге қай өңірлерден азық-түлік әкелінеді

18 Қазан 2024, 10:39
316
Бөлісу:
Алдағы демалыс күндері Астанадағы жәрмеңкеге қай өңірлерден азық-түлік әкелінеді
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

19-20 қазан, яғни осы демалыс күндері Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары елордадағы жәрмеңкеге 1200 тоннадан астам өнім әкеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Астана әкімдігінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысы елордаға 735 тоннадан астам өнімді әкеледі. Оның үштен бірі – картоп пен көкөністер. Сондай-ақ солтүстіктік фермерлер барлық түрдегі ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, шұжық және макарон өнімдерін әкеледі.

Алдағы демалыс күндері Астанадағы жәрмеңкеге қай өңірлерден азық-түлік әкелінеді

Шығыс Қазақстан облысы елорда тұрғындары мен қонақтарын аймаққа әйгілі балмен қуантады, бұл – шамамен 70 тонна. Сондай-ақ 40 тоннаға жуық ауылшаруашылық жануарлары мен құс еті және т.б. әкеледі.

Қарағанды облысының аграршылары 400 тоннаға жуық өнім ұсынады, оның жартысы – картоп пен көкөністер. Сондай-ақ барлық түрдегі ет, елордалық дүкендерде сұранысқа ие сүт өнімдері, балық және басқа да өнімдер бар.

Елорда тұрғындары мен қонақтары жәрмеңке барысында аталған өңірлерден келген әртістердің қатысуымен концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Жәрмеңке 9:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін жәрмеңкелерді өткізу кезеңінде № 18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары қамтамасыз етілді.

Жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.

Өзгелердің жаңалығы