Алдағы 2 жылда өңірлерге салықтан түсетін қаражат көбірек беріледі

13 Қыркүйек 2023, 02:22
697
Бөлісу:
Алдағы 2 жылда өңірлерге салықтан түсетін қаражат көбірек беріледі
Фото: Артём Чурсинов

2025 жылдың соңына дейін өңірлерге берілетін қосымша салықтар мен төлемдердің көлемі 2 есе ұлғаяды. Мұндай деректер Ашық НҚА порталында жарияланған «Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» келтірілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжатта көрсетілгендей, Жергілікті өзін өзін басқаруды дамыту тұжырымдамасын орындау аясында мына жұмыстар қолға алынады:

- мәслихаттың тексеру комиссиялары мүшелерін төрағаның ұсынуы мен Жоғары аудиторлық палатаның келісімі арқылы тағайындауды енгізу;

- барлық деңгейдегі мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыру;

- әкімшілік-аумақтық құрылысты жетілдіру;

- 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында әкім аппараттарын жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі етіп қайта құруға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру;

- Қалаларда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту;

- Азаматтарды жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тарту.

Осы жұмыстарды жүйелі жолға қою есебінен мына нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

- 2024 жылға дейін Қазақстандағы аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің 25%-ын тікелей сайлау;

- 2025 жылдың соңына қарай бюджеттің IV деңгейіндегі өткізілмеген мемлекеттік сатып алулар көлемін 2023 жылмен салыстырғанда 3 есеге азайту;

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің IV деңгейіндегі салықтық және салықтық емес түсімдерді (қосымша салықтар мен төлемдерді беру есебінен) 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе арттыру.

«Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін күшейтуге, ауылдық округтер әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейтуге, әкімдерді сайлау процесін жетілдіруге мүмкіндік береді», - деп Ұлттық экономика министрлігі тұжырымдамаға түсіндірме берген.

Құжат 26 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.

Өзгелердің жаңалығы