Алда үлкен міндеттер тұр – Асхат Оралов

6 Маусым 2022, 14:35
1667
Бөлісу:
Алда үлкен міндеттер тұр – Асхат Оралов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «AMANAT» партиясы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау Республикалық партия штабының жұмысын қорытындылады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Партия жанынан ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Штабқа Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері және т.б. кірді. Аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді.

Партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов пен Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев ақпараттық-түсіндіру науқанының нәтижелері туралы айтты.

«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Республикалық штаб құрылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Аймақтарда 217 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасы өтті. Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жасалды.  Біз олардың санына емес, сапасына мән бердік. Конституциялық өзгерістерді  халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр, - деді Асхат Оралов.

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, депутаттық корпустың алдында заң шығарушылық қызмет бойынша ауқымды жұмыс тұр.

12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Кездесулер бейресми, сенімді түрде, ашықтық пен айқындық жағдайында өтті. 6 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға баяндалатын болады, - деді Павел Казанцев.

Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. 

Дауыс беру күні «AMANAT» партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады.

Өзгелердің жаңалығы