Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның Тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібін іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясы өтті.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абақанов жиынның Қазақстанның Екінші ерікті ұлттық шолуын дайындауға арналғанын айтты.
Бүгінгі кездесу Қазақстан үшін өте өзекті Біріккен ұлттар ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асыру аясында Қазақстанның Екінші ерікті ұлттық шолуын дайындауға арналған. 2030 жылға дейін 8 жылдан астам уақыт қалды. Осы тұрақты даму мәселесінде Қазақстан қандай жетістіктерге жетіп, алда қандай міндеттеріміз бар екенін ерікті шолу көрсетуі мүмкін, – деді ол.
Спикер ерікті шолу пандемия тудырған, бұрын соңды болмаған медициналық, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс кезеңінде де өзекті болғанын мәлім етті. Сондай-ақ Әлихан Абақанов Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бастап тұрақты даму қағидаттарын ұстанып келгенін атап өтті.
2030 жылға дейін күн тәртібін қабылдаған сәттен бастап Қазақстан кезең-кезеңімен тұрақты даму жұмысын жүргізуде. Бүгінгі таңда осы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу үшін институционалдық архитектура енгізілді, – деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.