Бұл туралы Ұлттық төлем корпорациясы Антифрод-орталығының басшысы Айнұр Измайлова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, антифрод-орталықтың негізгі мақсаты – алаяқтықтың алдын алу. Бүгінде он мыңдаған жағдайда азаматтардың қаражаты қайтарылған немесе аударым кезеңінде бұғатталған.
Мұндай жағдайларда, шын мәнінде, қайғылы оқиға болмады деуге болады – адам қаржысынан айырылған жоқ. Алайда осындай оң нәтижелер көпшілікке жария етіле бермейді. Керісінше, шығын келген жағдайлар жиі талқыланады, – дейді ол.
Измайлованың сөзінше, қазіргі таңда антифрод-орталықтың көмегімен 500 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл – құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі. Сонымен қатар ол мұндай істердің сәтті шешілуі көбіне ақпараттың дер кезінде берілуіне, жүйенің уақытылы іске қосылуына және алаяқтық схемасының түріне байланысты екенін атап өтті. Егер азамат бірнеше күн немесе апта өткен соң ғана хабарласса, қаржының қозғалыс тізбегін анықтау айтарлықтай қиындайды.
Сондықтан қаражаты қайтарылған адамдар да өз тәжірибесімен бөлісіп, банктер мен антифрод-орталықтың көмегі туралы айтуы маңызды. Қоғамға мұндай оң мысалдар қажет, – дейді орталық басшысы.
Спикердің айтуына қарағанда қазіргі таңда алаяқтықтың басым бөлігі әлеуметтік инженерия әдістеріне негізделген. Олардың қатарында фишинг, жалған қоңыраулар, жалған инвестициялық ұсыныстар және әлеуметтік желілердегі «тез табыс табу» туралы жарнамалар бар.
Өкінішке қарай, мұндай схемалар тұтас бір табысты бизнеске айналып отыр, – деді Измайлова.
Оның мәліметінше, антифрод-орталық қаржы ұйымдары арасындағы ақша қозғалысын шынайы уақытқа жақын режимде бақылап отыр. Биыл халықаралық ұйымдармен және криптобиржалармен өзара іс-қимылды күшейту жоспарланған. Атап айтқанда, Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген криптобиржаларды жүйеге қосу, сондай-ақ көршілес елдермен дропперлер туралы ақпарат алмасу мәселесі қарастырылып жатыр.
Барлық қаржылық операциялардың тізбегі тіркеледі. Қаражатты қабылдайтын тұлғалар “сұр” және “қара” тізімдерге енгізіледі. Бұл дропперлік схемалардың жолын кесуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Дегенмен маман криптобиржаларға аударылатын қаражатты толық бақылау әлі де қиын екенін жасырмады.
Бұл операциялар көбіне дроппердің шотынан криптошоттарға тікелей аударылады. Сондықтан оларды толық қадағалау әзірге мүмкін емес. Дегенмен бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп түйіндеді Айнұр Измайлова.
Еске салайық, бұған дейін дипфейк, VPN және деректерге қатысты алаяқтар неге бір қадам алда деген мәселе көтерілген болатын.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа тәсілі таралуда: ІІМ ескерту жасады.
Астанада мыңға жуық киберқылмыс тіркелді: Маман қалай қорғану керек екенін айтты.
«Зейнетақы рейтингін көтеремін»: Ақтөбеде 22 адамның атынан несие рәсімдеген жігіт ұсталды.