Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандылық алаяқ тұрғынды үш миллион теңгеге алдап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қаңтарда Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 31 жастағы қала тұрғыны хабарласты. Ол белгілі бір алаяқ кепілдік арқылы несие алып беруді сылтауратып, екі миллион 840 мың теңге көлеміндегі қаражатты иемденіп алғанын айтты.
Жәбірленуші банктердің бірінен несие алуды жоспарлап жүрген болып шықты. Бірақ оның тиісті кепілдемесі болмаған. Кепілге қоюға көмектесемін деген бір ер адаммен келіскен. Бірақ іс жүзінде екі миллион 840 мың теңге ақша алып, делдал жоғалып кетті. Жәбірленуші өзінің алаяқпен істес болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция күдікті – 25 жастағы ер адамды анықтады. Біраз уақыт жасырынып полицияға ұстатпай жүрген алаяқты 30 маусымда криминалдық полиция қызметкерлері оның тұрған жерін анықтап, қамауға алды.
Күдікті қылмысын мойындады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.