Алаяқ «грантқа түсуге көмектесем» деген сылтаумен 1 млн 200 мың теңге алған

21 Қараша 2020, 11:38
2014
Бөлісу:
Алаяқ «грантқа түсуге көмектесем» деген сылтаумен 1 млн 200 мың теңге алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылдың 16 қарашасында Ақтөбе облысының полиция қызметіне алаяқтық фактісі туралы арыз келіп түсті. Алаяқтық жолмен қала университеттерінің біріне «грантқа» түсуге көмектесем деген сылтаумен 43 жастағы әйелден 1 млн 200 мың теңге алынған.

Жәбірленуші полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 41 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, - делінген ақпаратта.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.

Ешбір жағдайда өз дербес деректеріңізді және шот нөмірлерін бөгде тұлғаларға хабарлауға болмайды. Әлеуметтік желілерде тауарларды сатып алу-сату туралы шарт жасасудың қажеті жоқ. Ақша қаражатын күмәнді электрондық немесе банктік шоттарға аудармаңыз, тауарды терминалдар, экспресс-төлемдер арқылы төлемеңіз. Жеке сипаттағы ақпаратты ашық түрде орналастырмаңыз. Банкоматтардан қосымша қызметтерді қоспаңыз, - дейді полиция қызметкерлері.

Өзгелердің жаңалығы