Алаяқтың әдісі көп, мақсаты біреу – сізді арбау

11 Тамыз 2020, 13:05
3542
Бөлісу:
Алаяқтың әдісі көп, мақсаты біреу – сізді арбау
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда интернет арқылы жасалатын алаяқтық өршіп тұр. Соңғы жылдары ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларға қатысты жасалатын қылмыс саны едәуір артқан. Интернеттегі алаяқты қалай әшкерелеу керек? Оларға қарсы күрес қалай жүргізілуде? Алданып қалмас үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан Республикасы ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлібек Оразалы жауап берді.

Соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың, яғни ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған құқық бұзушылықтардың саны едәуір артқан.

Мәселен, 2018 жылы бұл қылмыстың түрі 4 мыңды құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық артқан. Ал биылғы жеті айдың өзінде интернет-алаяқтық 6 мыңнан асты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, жыл басынан бері осындай қылмыстардың 1400-ге жуығы ашылды, 500-ден астам адам ұсталды, оның ішінде 2 және одан да көп қылмыс жасағандары бар.

Интернет-алаяқтық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен көзделген. Бұндай қылмысты жасағандардың – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деді Оразалы.
Сонымен қатар, келтірілген шығын ірі мөлшерде болса, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Қазіргі таңда қоғам өмірін компьютерсіз не болмаса смартфонсыз елестету мүмкін емес. Себебі, интернет желісі, әлеуметтік желілер, мессенджерлер бізге жұмыста, оқуда, тауарларды алу мен сатуда, туған-туыстар мен дос-жаранмен араласуға және басқа да тигізер пайдасы орасан зор. Сонымен қатар, ақпараттық кеңістіктен келетін келеңсіз жағдайлар да жоқ емес - дейді маман.

Алайда маман атағандай, кей кездері ақпараттық кеңістікте адамдар салғырттық пен сауатсыздық салдарынан алаяқтарға тап болып, алданып қалып жатады. 

Алаяқтар әрқашан адамдардың сеніміне кіріп, оларды алдау үшін әртүрлі тәсілдерді пайдаланады. Әдетте, олар өз құрбандарын төмен бағамен қызықтырып, уақыттың тығыздығы, сатып алу бағасының төмендігі, қалған тауарларды сату сияқты түрлі уәждермен арбайды. Интернет желісі арқылы шынайы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар теріс пиғылды адамдар да аз емес. Кейде қаскүнемдер жалған интернет дүкендер немесе танымал сайттардың көшірмесін жасау арқылы азаматтарды өздеріне көптеп тартады. Тауарлар үшін алдын ала төлемді алғаннан кейін осындай "дүкеннің" иесі ол тауарды мүлдем жібермеуі немесе сапасы төмен тауарды жіберуі мүмкін, - дейді Әлібек Оразалы.
Өкінішке қарай, көптеген азаматтар интернет арқылы өзінің жеке мүлігін, пәтерлерін немесе автокөліктерін сату кезінде де алданып қалып жатады.
Мәселен, қаскүнемдер жарнама бойынша қоңырау шалып, қандай да бір тауарға қызығушылық танытқан болып, кепіл ретінде алдын ала төлем жасайтынын айтады. Ал ақшаны аудару үшін оның карта нөмірі мен жеке деректерін сұрап алады. Біраз уақыттан кейін екінші рет қоңырау шалып (немесе оның сыбайласы) және алдын ала төлемді аудару үшін қажеттілік ретінде сатушының телефонына келіп түскен SMS-кодты хабарлауды сұрайды. Шын мәнінде, код алаяқтарға интернет-банкингті қосу және сатушы картасына қол жеткізу үшін қажет. Керсінше жағдайда жалған тауарларды арзан бағамен жарнамалау арқылы азаматтардан алдын ала кепіл ақыны талап етіп, белгіленген ақшалай қаражатты иемденген соң, байланысқа шықпай қояды, - деді Әлібек Оразалы.

Маман атағандай, әлеуметтік инженерия бұл да кеңінен қолданылып жүрген интернет-алаяқтықтықтың бір түрі.

Мәселен, сізге тұрмыстық техникаларды сататын танымал компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан телефон шалып: "Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз" не "Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз" деп қызықтырады. Сыйлықты жеткізу, ұтысты рәсімдеу және өзге сылтаулармен белгілі бір ақшалай қаражатты төлетеді немесе азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізеді.

Интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі фишинг арқылы жасалады, яғни пайдаланушының жеке мәліметтерін жасырын алу болып табылады. Қаскүнемдер алдымен танымал банктердің немесе ірі компаниялардың атынан жаппай электрондық хаттар немесе сілтемелер таратады. Бұл жерде айта кететін нәрсе, электрондық мекенжайлар арқылы (электрондық пошта, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер) өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттар мен сілтемелерді ашудың қажеті жоқ, ашқан күннің өзінде сілтемедегі қойылған сұрақтарға жауап беруге болмайды. Ондай хаттар мен сілтемелерді мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн, - дейді Әлібек Оразалы.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде табысты іске кепілді ақша салу туралы жарнамалар орналастырылады, жарнама берушілер үлкен табыстарға жетуді уәде етеді.

Сенімді арттыру үшін алғашқыда жаңа қатысушылардың салымдары есебінен қандай да бір сома төленуі мүмкін. Үлкен сома жиналғаннан кейін алаяқ төлемдерді тоқтатады және олармен байланысты үзеді.

Мәселен, маусым айында Алматы қаласында "Instagram" әлеуметтік желісінде "ақшаны айналдырып, көбейтіп беремін" деген сылтаумен азаматтарды алдаған алаяқ ұсталды. Ол елдің әр түрлі өңірлерінің 5 азаматына қатысты алаяқтық жасаған. Қазіргі таңда басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.Азаматтардың ұялы телефондарына өздерін "банк өкілдері" ретінде қоңырау шалып (банктің ресми телефон нөмерімен хабарласуы да мүмкін), карточкадан заңсыз аударым жасалуы туралы хабарлаған жағдайлар да бар. Операцияны бұғаттау үшін карточканың реквизиттерін нақтылауды ұсынады. Қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, қылмыскерлер карта иесінің интернет-банкингіне қосылып, есеп-шоттан ақшалай қаражаттарды ұрлайды, - дейді маман.
Әлібек Оразалы атағандай, назар аударуға тұрарлық алаяқтықтың тағы бір түрі қылмыскерлер азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізіп, оларға микронесиелік ұйымдар арқылы онлайн-кредиттер ресімдейді.
Биыл жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласының тұрғыны ұсталды, ол әлеуметтік желілерде қыздармен танысу үшін фейк (жалған) парақшаларын ашқан. Сенімге кіру және сенімді теріс пайдалану арқылы алаяқ виртуалды танысқан қыздармен банктік есеп-шоттардың реквезиттері мен жеке деректерін алған. Алған мәліметтер бойынша әртүрлі микронесиелік ұйымдар арқылы онлайн-несиелер рәсімдеген. Жүргізілген жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде, оған республиканың әртүрлі аумағындағы 92 тұрғынға қатысты жасалған алаяқтық дәлелденді. Жалпы келтірілген шығын 6 млн. теңгеден асады, - деді ол.
Осы орайда Әлібек Оразалы бірқатар кеңеспен бөлісіп, азаматтарды ескертті:

- Біріншіден, сіз өзіңіздің және отбасыңыздың қолданып жүрген компьютерде, смартфондар мен планшеттерде тек лицензиясы бар бағдарламалық қамтамасыз етулердің болуын және антивирустық бағдарламалардың орнатылуын қадағалаңыз.

-  Интернет арқылы сауда-саттық жасағанда танымал емес, күмән туғызатын интернет-дүкендерден, сондай-ақ бағасы тым арзан көрсетілген тауарды алу барысында, ол үшін алдын ала ақшалай қаражатты жіберместен бұрын тауарды алғаннан соң ғана төлем жасауға келісу қажет;

-  Бағалы заттарды ұтып алғаныңыз туралы хабарлама алған жағадайда, белгісіз адамдардың электрондық есеп-шоттарына ақша аударуға болмайды;

-  Егер банк карточкаңыздың бұғатталғаны туралы телефоныңызға қоңырау шалса немесе СМС-хабарлама жіберілсе онымен байланысқа түспестен бұрын, мәселені шешу үшін өзіңіздің Банк бөлімшесіне баруыңыз немесе оның ресми Call-орталығына қоңырау шалуыңыз қажет;

-   Интернет желісі арқылы қонақ үйге тапсырыс, ұшақ, темір жол билеттерін сатып алу барысында тек тексерілген белгілі ресми-сайттарды ғана қолданғаныңыз дұрыс;

-  Электрондық поштаңызға, әлеуметтік желідегі аккаунтарыңызға және телефоныңызға келіп түскен белгісіз интернет-ресурстарға сілтеме арқылы кіруге және онда көрсетілген сұрақтарға жауап беруден сақ болыңыз;

-  Жеке сипаттағы мәліметтерді ашық көздер бойынша беруге және жариялауға болмайды.

Егер де Сізге қатысты алаяқтық жағдай орын алған жағдайда жергілікті мекенжай бойынша полиция бөлімшесіне хабарласыңыз және барлық айғақ заттарды сақтаңыз.

-Тұшымды әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы