BAQ.KZ тілшісі биылғы оқу жылында пайдалануға берілген №113 орта мектептің алғашқы қоңырауына қатысты.
Мектеп директоры Сәуле Ескендір бүгін Астанадағы Шәмші Қалдаяқов көшесінде орналасқан жайлы мектеп табалдырығын 700-ден аса 1-сынып оқушылары аттап отырғанын айтты.
.jpeg)
Бұл мектеп 2000 орындық. 2 ауысымда 4000 бала қабылдай аламыз. Қазіргі таңда 3790 бала қабылдап отырмыз. Оның 740-ғы – 1-сынып оқушылары, – деді ол.

Сәуле Ескендір бұл мектепте мұғалімдердің санаттарына қойылатын талаптар мен мектептің материалдық-техникалық базасы жоғары екенін жеткізді.

Біздің педагогтердің санаттары жоғары. Модераторлар бар, көбінесе сарапшы ұстаздар және зерттеуші, шебер ұстаздар бар. Заманауи техникамен жабдықталған STEM, робототехника кабинеттері, зертханасы, тәжірибе жасайтын барлық құрылғылары бар 2 биология, 2 химия, 2 физика кабинеті, сосын қыздарға 2 технология кабинеті және ұлдарға шеберхана бар. Ол кабинеттер де әртүрлі құрал-жабдықтармен қамтылған, – деді директор.

Ол Астанадағы №113 орта мектептің қаладағы басқа жайлы мектептерден ерекшелігі ретінде бала мектепке кірерде бет-бейнесін емес, алақанын сканерлеп кіруін айтты.
Бала мектепке келгенде “Alaqan” жүйесі арқылы кіреді. Егер ақылы түрде тамақтанатын болса, төлемді алақанмен жасайды. Кітапханаға барғанда FaceID емес, алақанмен кітап алады. Бұл жүйе баланың саусақ іздерін қажет етпейді, оқушы алақанын сканерлегенде мектепке веналық өрнек, яғни тамыр суреті арқылы кіреді, - деп түсіндірді Сәуле Ескендір.
.jpeg)
Мектеп директоры бұл жүйе арқылы мектепке кірген, шыққан бала санын, қанша бала қалай тамақтанғанын, қандай кітап алғанын бақылай алатынын айтты. Сондай-ақ ата-аналар да тегін қосымша арқылы баласының мектепке кіріп-шығуын қарап отыра алады.

Алғашқы қоңырауға AMANAT партиясы Астана қаласы филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммеджан Болысбек те қатысты.
AMANAT партиясы сайлауалды бағдарламасына “Жыл сайын 10 мектептің берілуін бақылаймыз. Оның уақытылы және сапалы болуын қамтамасыз етеміз” деп қосқан болатын. 1 қыркүйекте Астанада 8 мектеп табалдырығын ашып отыр. Ол мектептердің сапалы, дұрыс, уақытылы берілуін біз бақылауда ұстадық, – деп атап өтті.

Айта кетейік, биыл 1-сыныпқа 31 мың бала барды. Жаңа оқу жылының басынан бастап Астанада 28 мың орынға (ІІ ауысымда) арналған 7 жайлы мектеп пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылында жалпы 15 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр.
Өткен оқу жылында рекордтық көрсеткішке жетіп, 66 мың оқушы орнына (ІІ ауысымда) арналған 24 мектеп ашылды. Оның ішінде 16-сы – жайлы мектеп. Бұл шаралар үш ауысымды оқыту мен білім беру ұйымдарының жүктемесі мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.