Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру жұмыстары түні бойы жалғасты, деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Тілсіз жауды тізгіндеуге, алапат өртті сөндіруге 91 техника, 3 әуе кемесі, 5 өрт пойызы және жеке құрамның 600 қызметкері жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер жанқиярлықпен жұмыс істеді.
Аманқарағай ауылындағы (әкімшілік ғимарат) және Лесное ауылындағы мұнай базасының аумағындағы өрттер сөндірілді. От бензин тиелген резервуарлар мен дизель отындарына көшкен жоқ. Аманқарағай және Озерное ауылдарындағы өрт ошақтары оқшауланды.
Алапат өрт салдарынан 10 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік алып, уланды. Олардың 4-еуі орталық аудандық ауруханада, 6 тексеруден кейін және көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Тезірек сауығып кетулерін тілейміз. Өрт салдарынан материалдық шығындар аз емес сияқты, бірақ бас аман болса, дүние қалпына келер, - деп жазды министр.
Жағдайдың жақсаруына байланысты р-36 республикалық маңызы бар автожолындағы көлік қозғалысы мен темір жол қозғалысы қайта жанданды.
Өрттен зардап шеккен ауылдардың тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшірілді. Жергілікті әкімшілік эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл мектебі мен мектеп-интернатына орналастырды. үгін Қостанай облысына Елордадан және Алматыдан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты қосымша күштер мен техникалық құралдар жұмылдырылды. Өртті тілсіз жау деп текке айтпайды. Апат та айтып келмейді. Десе де алапат өрттің беті қайтқан сияқты. Қостанай халқына Алла жар болсын, - деді ол.