Қаламгерлер Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасына барды

8 Қазан 2019, 13:23
3714
Бөлісу:
Қаламгерлер Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі әскери қызметшілерді рухани тәрбиелеу, олардың әдеби танымдарын кеңейту және отаншылдық сезімдерін арттыру, сондай-ақ Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасымен және елдің шығыс шебімен ақындар мен жазушыларды таныстыру, шекара маңындағы халықты шекараны бірлесіп қорғауға шақыру мақсатында Зайсан қаласында орналасқан 2017 әскери бөлімінің қосындарына Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің шығармашылық сапарын ұйымдастырды. 
"Шекара қызметі ұйытқы болып отырған шығармашылық сапарға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бақыт Беделхан бастаған ақындар мен жазушылар қатысты. Сапардың бірінші күні шығармашылық ұжым Зайсан шекара жасағының даңқ музейін, кітапханасын аралады. Сол күні кешқұрым аудандық мәдениет үйінде әскери қызметшілермен және аудан халқымен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды", - делінген таратылған ақпаратта.

Сапардың екінші күні осындай шығармашылық кездесу "Ақжар" шекара комендатурасы орналасқан Ақжар ауылының мәдениет үйінде жалғасты. Бұл шығармашылық кезедесуге де шекарашылар мен шекара маңындағы Тарбағатай ауданының халқы қатысты. Кездесуден соң шығармашылық топ Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасына арнайы ат басын бұрды. Заставаның тарихымен, тыныс-тіршілігімен танысқан ақын, жазушылар застава сарбаздарымен және Ойшілік ауылынан келген мектеп оқушыларына өз шығармаларын оқып, жауынгерлермен кездесті.

"Сапардың үшінші күні ақын-жазушылар "Қаратал" шекара комендатурасы орналасқан Қаратал ауылының мәдениет үйінде ауыл халқымен және әскери қызметшілермен кездесті. Қаратал ауылынан Зайсан қаласына қайтар жолда ақындар Жамбыл ауылына келіп, өмірден ерте кеткен талантты ақын Нұрлан Мәукенұлының атындағы саябаққа аялдап, жиналған ауыл тұрғындарымен дидарласып, жыр шумақтарын оқыды. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған іс-шараның әсерімен ақын-жазушылардың қаламынан туған патриоттық, соның ішінде ел шебін, туған жерді, Отанды қорғау тақырыбындағы шығармалар жинағын кітапқа басып шығару көзделген. Кітаптар ел шебіндегі шекара заставалардың кітапханаларына таратылып берілетін болады", - делінген таратылған ақпаратта.

 


 

Өзгелердің жаңалығы