Шипалы көлге келушілер саны артуы үшін әлі де инфрақұрылымды жақсарту қажет. Әуежайға туристерге арналған арнайы автобус керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тазалыққа тағы да мән берілсе…
Алакөл көлі толықтай туризмнің тұтқасына айналуы үшін не істеу керек? Оны бірі – болашағы жарқын дамып келе жатқан демалыс орны санаса, бірі – шектеулі сервистің жылтыр қаптамасы көреді. Кімдікі дұрыс? Жылдан жылға жақсарып келе жатқан шипалы көл жағасынының кемшілігі толық түзелуі үшін қандай қадамдарға барған абзал. Соны бүгін саралап көрейікші. Әрине бұл тұста демалушылардың пікірі маңызды рөл атқарады.

Алакөл шипалы көл екеніне дау жоқ, тарихы да терең. Біз Қатонқарағайда да, Көлсайда да, Бурабайда да болдық. Алакөлдің олардан табиғаты мен көлі ерекше. ДегенменҚазақстандағы демалыс орындары жіберетін қателікті қайталап отыр. Сервис мәселесі көңіл қалдырады. Тазалық жағы өте төмен. Адам көп болғандықтанқоқысты үнемі тазалап отыру мүмкін емес, оны жақсы түсінеміз. Алайда арнайы қызметкерлерді жалдап, үнемі қадағалап отырса жақсы болар еді, - дейді демалушы Асель Берікова.
Шыны керек, Алакөл – соңғы жылдары туризмнің флагманына айналып, демалушылар саны 5 миллионға жақындады деген ресми ақпарат жиі айтылады. Облыс әкімдігі мен БАҚ көл жағасындағы инфрақұрылымның күрт жақсарғанын, қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін жарыса жазуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда құптарлық жұмыстар. Алайда, бұл мәліметтердің астарына үңілсек, әлі де жүйелі шешімін таппаған проблемалар да жетерлік.
Әрине, Алакөл барлық бағытта тоқтаусыз дамып жатыр деп толық айта алмаймыз. Дегенмен, туристерге қажет дүниелерді жасау үшін күш салып жатырмыз. Мен бұл ретте тазалық мәселесіне ерекше тоқталғым келеді.Көл жағалауындағы тазалықты сақтау мәселесі басты назарда. көл жағалауының тазалығына бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 38 млнтеңгесі Ақши ауылының жағалауына, 12 млн теңгесі Көктұма ауылының жағалауына қарастырылған. 10 млн теңгеге 180 қоқыс контейнері сатып алынып орнатылды. 28 млн теңге көл жағалауының тазалығына және қоқыстарды арнайы орындарға шығаруғабағытталды, - дейді Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов.
Әкімнің айтуынша, 22 модульдік қоғамдық дәретханалар іске қосылған. Ақши жағалауына 19 дана, Көктұма жағалауында 3 дана әжетхана бар. Оның бағасы демалушылар үшін 100 теңге тұрады.
Биотуалеттер, қоқыс жәшіктері, тазалық жұмыстары қолға алынғаны рас. Туристер саны күрт артқан кезде, бұл инфрақұрылым қысымға төтеп бере ала ма? Бұған дейінгі маусымдарда қоқысқа толып кеткен жағалау фотолары әлеуметтік желілерде кең таралған. Бұл сауалда өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Бағаны қадағалау мүмкін бе?
Әрине, нарыққа иек сүйеген қоғамда, бағаны қадағалау тек әкімдіктің қолында тұрған жоқ. Онымен мемлекетқана емес, жеке кәсіпкерлерде күресуі керек. Оған айтылар уәж, біреу ғана, ол – бұл маусымдық жұмыс қана екені. Мәселен, кәсіпкер Нұрдәулет Ерікұлы демалыс аймағына 22 млн теңге қаржы жұмсаған. Стандартты демалыс орнының құны тәулігіне 18-20 мың теңге. Бұл баға қымбат көрінуі мүмкін, дегенмен кәсіп иесі әлі де көтеруге бейіл отыр. Неге дейсіз ғой. Мәселе мынады да:
Мен осы нысанды салу үшін осы күнге дейін 25 млн-ға жуық қаржы жұмсадым. Енді оны ақтау үшін маған көптеп туристер тарту керек, бағаны да соған сай қою қажет. Ал Алакөлге демалу уақыты 2 айға жетер-жетпес мерзімді құрайды. Оның үстіне күннің райына байланысты. Жұмысшыларым да бар. Кеткен қаржыны 60 күнде ақтап алуым қажет. Сондықтан бағаны төмен түсіру маған тиімсіз. Кәаіпкер ретінде мұны қасымдағылар жақсы түсінуі қажет, - дейді Н.Ерікұлы.
Кәсіпкердің назы орынды. Маусымдық жұмыс болғандықтан һәм демалыс аймағы жекеменшік иесінікі аталғандықтан “қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаның кері”. Оны түсінуге болады.

Қараңыз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек соңғы үш жылда туристердің саны 4 млн. 773 мыңға жетіп, 29 млрд. 423 млн.теңгенің қызметі көрсетілген екен. Нақтылап өтер болсақ, 2022 жылы 270 демалыс орны, туристер саны 1 млн. 498 мың адам, көрсетілген қызмет көлемі 9 млрд. 428 млн.теңге; 2023 жылы 292 демалыс орны, туристер саны 1 млн. 550 мың адам, көрсетілген қызмет көлемі 9 млрд. 920 млн.теңге; 2024 жылы 302 демалыс орны, туристер 1 млн. 725 мың көрсетілген 10 млрд. 75 млн. Теңге. Бұл қаржыда кеткен шығын есептелмеген. Оның үстіне кәсіпкер ретінде тіркелмеген қаншама делдалдар бар.
Биылғы жылдың өзінде 51 жұмыс орнымен 17 туристік нысан іске қосылып, 2,4 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Сонымен қатар, 3 ірі туристік нысандардың құрлысы жүргізілуде. «Аврора» 300 орын, «Сандей» 100 орын, «Манго» 100 орын туриске арналған, - дейді аудан басшысы.
Әкімнің есебінде, Алакөлге апаратын жолдардың тақтайдай тегістелгені, жарық сөніп қалмайтыны, интернет қосылғаны, кәріз жүйесі орнатылып жатқаны мақтанышпен баяндалады. Бірақ бұл жұмыстардың басым бөлігі әлі аяқталмаған немесе тек белгілі бір туристік аймақтарға ғана бағытталған. Тіпті, кейбір демалушылар “жарық сөніп қалмаса екен” деген үмітпен генераторын арқалап келетінін жасырмайды.
Кәсіпкерлік нысандардың көбеюі – жақсы үрдіс. Дегенмен тәулігіне 20 мыңнан 170 мың теңгеден басталатын баға барлық қазақстандыққа қолжетімді ме? Ал ең қарапайым демалыс орындарының өзінде санитарлық тораптың жетіспеушілігі, қоғамдық көліктің мардымсыздығы демалушылардың көңілін су сепкендей басады. Осы мәселелерді ескерген абзал. Сосын демылыс аймақтары жиі орналасқандықтан көлік қоятын алаңдар жоқтың қасы, - дейді демалушы Едіге Асқаров.
Қауіпсіздік шаралары демалушының еркіндігін шектемей ме?
Көл жағалауындағы қауіпсіздік шаралары – сөзсіз маңызды. Алайда кейбір қатаң тыйымдар мен тәртіп шаралары туристік аймаққа тән еркін атмосфераны шектеп тұрғандай. Бейнебақылау, дрон, инспекторлар, айыппұл, айыптұрақ… Мұндай қатаң бақылау – қауіпсіздіктің көрінісі ме, әлде шектен тыс бақылау ма? Демалушылардың бір бөлігі мұны “тынығуға емес, тәртіп сабағына келгендей сезінеміз” деп пікір білдіруде.
Демалыс болған соң көңіл көтергіміз келетіні рас. Ішімдікті де ішкіміз келеді. Бірақ енді ешкімге зияндық жасап жатқан жоқпыз. Үйтуге болмайды, бүйтуге болмайды десе ешкім келмейді. Көбі шипалы су үшін келмейді, көңіл көтеріп, сауық-сайран құру үшін келеді, - дейді Естер Жанұзақов.
Қазір жағалау қызметкерлері дронға сеніп алған. Алыстан бақылап отырады. Заңды бұзған туристі тәртіпке салуға құқылы. Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жасұлан Байкеновтің айтуынша, дрон арқылы жүргізілетін патрульдеу көптеген заңбұушылыштардың алдын алған.

Биыл 15 шілдеге дейін Ақши ауылына 44, Көктұма ауылына 9 бейнебақылау камерасы орнатылады. Дрон арқылы анықталған заңбұзушылықтар учаскелік инспекторға бірден жеткізіліп, тиісті шаралар қолданылады. Жол қозғалысы ережесін бұзудан өзге, қоғамдық орындарда ішімдік ішу, заңсыз сауда, қоқыс тастау сияқты 28 дерек тіркелді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда тәртіп бұзушылықтың азайғаны байқалады, - дейді ол.
Естеріңізде болар, былтыр тіркелмеген су көліктері соқтығысып қайғылы жағдай орын алған болатын. Содан кейін техникаға қатысты түрлі қатаң қағидалар қайта сарапталып, су көліктеріне аранйы құжатсыз жүруге тыйым салынды. Судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында Суды ортақ пайдалану ережелері бекітіліп, шомылуға және серуендеуге арналған қайықтардың қозғалысын қатаң реттеу қолға алынған. Бұған су көлігінің иелерінің көңілі толмай отыр. Себебі жеке кәсібіне көп кедергісін келтіреді.
Суда жүзу құралдарын пайдаланудың нақты талаптары белгіленіп, оларды бақылау мақсатында инспекторлар саны артты. Үш су көлігі тұрағы және бір арнайы айыппұл тұрағы ұйымдастырылды. Маусым басталғалы бері 23 құқықбұзушылық тіркеліп, 12 шағын кемеге айыппұл салынды. Біздің басты мақсат – жазалау емес, қауіпсіздікке қол жеткізу, - дейді облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Дастан Жұмақұлов
Оның айтуынша, 4–7 шілде аралығында Алматы қаласынан қосымша мамандар келіп, Ақши жағалауында бақылауды күшейтпек. Қазіргі таңда полиция бөлімшесінде 4 дрон, ал Жедел құтқару қызметінде 2 дрон жұмыс істейді.
Алакөл – шипалы, сұлу көл. Бірақ оның табиғи сұлулығы мен туризм мүмкіндігін барынша пайдалану үшін жүйелі, сапалы және ұзақмерзімді шешімдер қажет. Қазіргі әңгіме мен ақпараттар көбіне ресми баяндамалар мен сандарға негізделгенімен, шынайы жағдай басқаша. Туристердің баруы үшін тек көлдің сұлулығы жеткіліксіз – жолы, қызметі, бағасы, тазалығы мен қауіпсіздігі қатар дамуы тиіс. Әйтпесе, бүгінгі турист – ертеңгі сыншыға айналады.