Алакөлге қатынайтын пойыз вагондарының саны артады

8 Маусым 2021, 09:11
4802
Бөлісу:
Алакөлге қатынайтын пойыз вагондарының саны артады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Туристік маусымның жақындауына орай әрі Үржар ауылындағы әуежайдың жөндеуге жабылуына байланысты еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Жалаңашкөл» станциясына дейін қатынайтын пойыз вагондарының санын арттыру туралы шешімге келді.

Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей сияқты төрт бағыттан қатынайтын теміржол қатынастарының санын арттыру қамтамасыз етілген болатын.

Атап айтсақ, бұған дейін Алматыдан жұп санды күндері тұрақты түрде 352 орынға арналған сегіз тіркемелі вагон қатынаған еді. Ал 18 маусымнан бастап, «Алматы-Достық» бағытында жүретін 504 орынға арналған 11 вагоны бар жаңа пойыз қатынайтын болады. Ол аптасына үш күн қатынаса, 18 маусымнан бастап жеке тасымалдаушы 560 орындық 12 вагоны бар пойызды қоса шығармақ. Осылайша, жаңа туристік маусымда Алматыдан Алакөлдің шығыс жағалауына 31 вагон қатынайтын болады.

Ал Нұр-Сұлтан қаласынан тұрақты түрде қатынайтын «Нұр-Сұлтан-Достық» бағытындағы пойыз 456 орындық он вагонды аптасына екі рет межелі жерге жеткізіп отырмақ. Қосымша шығарылған 456 орындық 10 вагоны бар «Нұр-Сұлтан-Достық» бағытындағы пойыз бірінші маусымнан бастап жүре бастады. 18 маусымнан бастап, жеке тасымалдаушының 176 орынға арналған төрт тіркемелі вагоны жолға шығады. Өстіп, Алакөл жағалауына Елордадан 24 вагон тұрақты түрде шығарылып отырмақ.

Көл жағасына келетін туристер тарапынан түскен сұраныстың көп болуына байланысты облыстық әкімдік еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Алматы-Достық» бағытындағы тіркемелі вагондар санын 16 бірлікке арттырып, 18 маусымнан бастап жүретін жаңа пойыз бойынша вагондар санын 50 пайызға арттыру жайында ұсыныс жасады. Оған қоса, жеке тасымалдаушыларды қоспағанда Нұр-Сұлтаннан қатынайтын пойыздың вагондарын 30 пайызға немесе 13 бірлікке арттыру да сұралды, - деді облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы