Алакөлдің 85 пайызы ғана ауызсумен қамтылған

5 Тамыз 2024, 20:33
411
Бөлісу:
Алакөлдің 85 пайызы ғана ауызсумен қамтылған
Фото: Фото автор

Жалпы облысты таза сумен толық қамту мүмкін болмай тұр. Мәселен Алакөл ауданының өзінде тұрғындар сапалы суға жете алмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шипалы көлдің іргесінде орналасқан Алакөл ауданының бір мәселесі халық күнделікті тұтынатын таза судың кейбір елді мекендерге толық жетпей жатқандығы. Қазір осы мәселені алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Биылдың өзінде бірнеше ауылға таза су келмек.

Биыл Екпінді елді мекенінің тұрғындары сапалы суға қол жеткізеді. Одан бөлек тағы да екі ауылға осындай жағдай жасалады. Біздің жоспарда Тоқжайлау, Лепсі ауылдық округіне қарасты ауылдар да бар. Аталған елді мекендер ауызсудың көптен күтіп жүр. Осы жылы өздеріңізге мәлім Сапақ ауылдық округіне қарасты Бибақан ауылына ауыз су жүйесі тартылып, ел игілігіне берілді. Жыл сайын ауызсудан таршылық көрген ауылдарға су желілерін жүргізіп, таза сумен қамту жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді аудандық түрғын үй шаруашылығы, жолаушылар бөлімі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Алмас Жұмағұлов.

Оның айтуынша, аталған жүйелі жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын тауып, аудан бойынша сумен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткізілмек. Бұл деген аудан тұрғындары көп ұзамай толық ауызсумен қамтылады деген сөз.

Кеңес өкіметі тұсында салынған су желілері бүгінде жарамайды. Көбі тозған. Уағында қант қызылшасын мол егіліп, аудан дүркіреп тұрғанда ауызсу тартылған. Одан кейін құдықтар қараусыз қалды. Тәуелсіздік алғалы тұрғындар ауызсудан таршылық көрді. Көлдің жағасында орналасқандықтан су ішуге жарамайды. Арнайы сүзгі қажет. Алдағы уақытта осы мәселе толыққанды шешімін табар. Халық үшін судың маңызы зор, - дейді Лепсі ауылдық округінің тұрғыны Нариман Мұртазаев.

Өзгелердің жаңалығы