Алакөлдегі өрт. Бизнесті себепсіз тексере алмаймыз – ТЖМ

5 Шілде 2022, 13:05
1357
Бөлісу:
Алакөлдегі өрт. Бизнесті себепсіз тексере алмаймыз – ТЖМ
Фото: inform.kz

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Алакөлдегі өрттің шығу себептеріне қатысты түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қазір өрт болған демалыс орнында тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының тұйықталуынан немесе басқа да себептен шығуы мүмкін. Талғат Уәли өртке ауа райының қатысы жоқ екенін айтты.

ТЖМ-і еш себепсіз шағын және орта бизнесті тексере алмайды, бизнесті тексеруге мораторий жарияланған. Сол себепті бұл нысандар тексерілмеген. Десе де өрт пен суға шомылу қауіпсіздігі туралы түсіндіріп, оның алдын алу шараларын үздіксіз жүргіземіз. Суға шомылу маусымы кезінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар демалыс нысанарын аралап, оған келушілер мен ондағы жұмысшыларға қауіпсіздік шараларын түсіндіреді. Өрт жағдайында қалай әрекет ету керек деген жадынамалар таратады. Бірақ арнайы тексеріс болмаған, - деді ол.

Сонымен қатар ол өрттен келген шығынды арнайы құрылатын комиссия есептейтінін жеткізді.

Жергілікті атқарушы органдар, полиция, «Атамекен» КП, ТЖД-нен тұратын арнайы комиссия нақты шығынды есептеп, оны өтеу жолдарын өздері айтады, - деді ол.

ТЖМ-нің ресми өкілі сондай-ақ көпшілікке қызмет көрсететін орындарды өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды.

 Демалыс орындары көптеген адамға қызмет көрсететіндіктен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны жөн. Демалушылардың кәуап пісіру үшін жер ошағын жағуы да қайғылы оқиғаларға әкеп жатады. Сондай-ақ, суға шомылуға баратын адамдарды да қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Ішімдік ішіп, мас күйде суға шомылмаңыздар. Ересектер балаларды қараусыз қалдырмаса екен, - деді ол.

Сонымен қатар ол өрт кезінде көмекке келген демалушыларға алғысын білдірді.

Өрт мыңдаған шаршы метрге тарады, оңай емес. Сол жердегі демалушылар да балаларына алаңдап өртті сөндіруге атсалысты. Оларға алғыс білдіреміз. Өртеніп кеткен демалыс орнындағы демалушылар түгелдей қауіпсіз жерге көшірілді,-деді ТЖМ-нің ресми өкілі.
 

Өзгелердің жаңалығы