Алакөлдегі 163 демалыс үйі «ASHYQ» жобасының қатысушысы атанды

27 Маусым 2021, 09:45
2425
Бөлісу:
Алакөлдегі 163 демалыс үйі «ASHYQ» жобасының қатысушысы атанды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алакөл жағасындағы демалыс базалары жұмысшыларының 80 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алып, 94 демалыс үйі «ASHYQ» жобасының қатысушысы атанды.

Ресми статистикаға сенсек, Шығыс Қазақстан туристерге арналған төсек орын бойынша бірінші орын алады. Аталмыш көрсеткіш бойынша 174 демалыс базасында 12 мыңнан астам төсек орын дайындаған Алакөл жағалауы алғашқы орында. Осылайша, көл жағалауындағы кәсіпкерлер демалушылардың денсаулығы үшін бар жағдайды жасаған.

Естеріңізге салсақ, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, биыл демалушылар туристік-рекреациялық аймақтарға ПТР-тестінің коронавирусқа теріс қорытындысымен, вакцинация төлқұжатымен немесе «ASHYQ» қосымшасы арқылы келе алады.

Бүгінгі күні Алакөлдегі 163 демалыс үйі Info.Kazakhstan сайты арқылы сәйкестік сертификатын алып, 94-і «ASHYQ» жобасының қатысушысы атанды. Тағы он өтініш қазір қаралу үстінде. Көл жағасындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылау үшін 10 мобильді мониторингтік топ құрылған. Келушілер мен өздерін қауіпті дерттен сақтау үшін демалыс үйлерінің жұмысшылары вакцинациялаудан өтуде. Атап айтсақ, қазіргі уақытта 300 жұмысшының 240-ы, яғни 80 пайызы толықтай екпе алып үлгерген, - деді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.

Сонымен қатар, су түбі қоқыстан тазартылып, курортты аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 50 полиция қызметкері мен алты құтқарушы бекітілді. Су техникалары мен адамдар жүзетін жерлер анықталып, арнайы қалқымалы белгілермен белгіленді. Бұған қоса, биыл шомылушылардың киім ауыстыруына арналған 15 жаңа кабина мен қоқыс тастайтын 100 контейнер орнатылды.



Өзгелердің жаңалығы