Алакөл жағалауында 60 гектар аумақ құрғатылмақ

14 Мамыр 2019, 08:59
3928
Бөлісу:
Алакөл жағалауында 60 гектар аумақ құрғатылмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы төрт жыл көлемінде Алакөл жағалауы су шаюға қарсы беріктендіріліп, 60 гектарға жуық аумақ құрғатылады. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы барысында айтылды. 

«Алакөл аймағы еліміздің 10 ең ірі туристік аумақтарының біріне енген болатын. Жағалауды дамыту мақсатында бірнеше мақсатты жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, жағалауды инфрақұрылыммен қамту, екіншіден, көліктік қолжетімділік пен логистикалық әлеуетін арттыру. Сондай-ақ инвестиция тарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ақпараттық жағынан қамту», - деді аппараттық отырыс барысында баяндама жасаған облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов. 

Жауапты тұлғаның айтуынша, алдағы төрт жыл көлемінде Алакөл жағалауына ауызсу және кәріз құбырлары тартылып, электр желілері салынады. Бұдан бөлек, көл жағасы су шаюға қарсы беріктендіріліп, 60 гектарға жуық аумақ құрғатылады, сондай-ақ Үржар ауылындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы қайта жөндеуден өтеді. 

«Қазіргі уақытта аталған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Биылғы жылы көл жағасындағы саябақты кеңейту, велосипед және жаяу жүргіншілер жолдарын салу, такси көліктерінің тұрақтарын абаттандыру сияқты жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, полиция және медицина қызметкерлері отыратын пункттерді салу да жоспарда бар. Көліктік қолжетімділік пен логистиканы дамыту мақсатында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, теміржол және әуе бағыттарын субсидиялау қарастырылуда», - деп қосты басқарма басшысы. 

Оның хабарлауынша, 1 маусымнан бастап «Өскемен-Жалаңашкөл» және «Семей-Жалаңашкөл» бағытындағы пойыздар қайтадан қатынай бастамақ көрінеді.

   

Өзгелердің жаңалығы