Алакөлде биыл жаңадан 8 демалыс базасы іске қосылады

13 Мамыр 2019, 19:57
2341
Бөлісу:
Алакөлде биыл жаңадан 8 демалыс базасы іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесінде аймақ басшысы Даниал Ахметов Алкөлдің жағасындағы қызметтердің сапасын жақсарту жөнінде бірнеше нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

«Алакөлге келуші туристердің саны жыл санап артып келеді. Әлбетте, бұған бір қуаныштымыз. Бірақ, жолдарды жөндеп, қалпына келтіру ғана аздық етеді, жағалауда ұсынылатын қызметтердің сапасы жоғары болуы шарт. Мәселен, «Барлық Арасан» шипажайы жекеменшік компанияның иелігінде, олар демалыс орнының дамуына ешқандай қаржы құйып отырған жоқ. Алдымен жағалаудағы ішкі мәселелерді ретке келтіру қажет. Өрт және санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау керек. Ем аламын деп келген тұрғындар ауру арқалап кетіп жүрмесін. Тиісті сала басшыларына осы мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырамын», - деді облыс әкімі.

Атап өтерлігі, биыл жағалауда ірі құрылыстар басталып отыр. Олар – құны 1,5 миллиард теңге болатын «Керуен Плаза» туристік кешені, 570 миллион теңгенің «Чайка» сауықтыру кешені және жалпы сомасы 200 миллион теңгені құрайтын «Күншығыс Алакөл» мәдени-көңіл көтеру кешені (үлкен сахнасы мен би алаңы бар). Нысандар 2011-2022 жылдары пайдалануға берілуі тиіс.

Бұдан бөлек, Алакөл жағасында осы жазда жаңадан салынған 8 демалыс базасы іске қосылады.

Құрылыстар мұнымен шектелмейді, қонақ үйлердің құрылысына 2 гектар жер телімі бөлінген, конкурстары жуық арада өткізілмек.

Жағажай туризмін насиахттау мақсатында осы жылы да 15 шілдеде «Алакөл алаулары» фестивалі өткізіледі, оның аясында демалушыларды күту мен оларға қызмет көрсету жөніннен оқыту семинары ұйымдастырылмақ.

Жағалаудағы демалыс орындары мен олардың ұсынатын қызметтері туралы толыққанды ақпаратты азаматтар toureast.kz сайты арқылы ала алады, сонымен қатар Кол-орталық жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы