Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алакөл жағалауында Жастар жылы аясында велоспорттан ашық республикалық жарыс өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса спортшы қатысты. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
Спорттық шараның ашылу салтанатында спорт және денешынықтыру комитеті спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Алексей Кручков пен аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков сөз сөйлеп, жиналғандарды бәйгенің басталуымен құттықтады.
Елордадан арнайы келген Алексей Кручков «Бүгін Алакөл жағалауында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ауқымды шара ұйымдастырылуда. Бұл аудан тұрғындарының, әсіресе жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамның бірі деп білемін» десе, бұдан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков Үржарда соңғы жылдары салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде екенін айтты.
«Бүгінгі шараның Қабанбай атының тұяғы тиген киелі жерде өтуі баршамыз үшін үлкен мәртебе. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтың басшылығымен Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Өңірде ауданның танымалдылығын арттыратын бірқатар ірі жоба жүзеге асуда. Құрметті жерлестер, қонақтар, бүгінгі шара еліміздің үздік спортшыларының басын қосқан дүбірлі бәсеке. Бұл додада нағыз мықты жеңіске жетеді деп сенемін. Аудан басшылығы атынан барлықтарыңызды жарыстың басталуымен құттықтаймын», - деді Біржан Тұрлыбеков.
Бәйге шарты бойынша жарыс жолына шыққан спортшылар 16 шақырым қашықтықты бағындыруы тиіс-тін. Жалпы, спорттық шараға төрт жастағы баладан 80-дегі қарияға дейін қатысып, жарыстың көркін қыздырды.
«Күнделікті жаттығулардың арқасында бүгін бірінші орынға ие болдым. Жалпы, биылғы жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол үшін шараның басы-қасында жүрген ел ағаларына алғыс айтамын», - дейді Нұртай Байтиков.
Велобәйге қорытындысы бойынша бірінші орынға, жоғарыда аты аталған Нұртай Байтиков көтерілсе, екінші және үшінші орындарға Ерасыл Бейсембаев пен Әмірғали Мұратбеков жайғасты. Сонымен қатар ең жас және ең егде жастағы қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.