Al Jazeera Қазақстан туралы деректі сериялар түсіреді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мен Al Jazeera арнасының басшылары арасында болған кездесуде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амримен және Al Jazeera English телеарнасының басқарушы директоры Исса Әлимен болған кездесуде журналистер мен басқа да салалық мамандарды даярлау, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, тұмса табиғаты және қазіргі дамуы жөнінде сыр шертетін деректі сериялар түсіру туралы ақылдастық, - деп жазды Руслан Желдібай Telegram-арнасында.
Кездесуде Қазақстанда Al Jazeera арнасының тілшілер қосынын ашу мәселесі де көтерілді.
Медиакорпорация елімізде өз тілшілерін ұстаса, Қазақстан және Орталық Азия өңіріндегі елеулі оқиғалар туралы қызықты ақпарат тарату мүмкіндігі кеңейеді деп санаймын, - деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қатар еліне жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені «Әл-Жазирамен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.