Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан» РТРК» АҚ «Balapan» телеарнасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай 10 бөлімді «Әл-Фараби» анимациялық телехикаясын жарыққа шығарды.
2D форматта жасалған танымдық жобаның әр бөлімі 8 минуттан тұрады.
Телехикаяның басты мақсаты – түркі елінен шыққан Әбу Насыр әл-Фарабидің тағылымды өмір жолын баяндау арқылы еліміздің бүлдіршіндері мен жастарын ғылым-білімге баулу.
Ұсынып отырған жобамыздың тарих пен болашақ арасындағы алтын көпір боларына нық сенімдіміз. Себебі, Әбу Насыр әл-Фараби – әлемдік ғылым мен білім тарихындағы ұлы тұлға. Осынау теңдессіз ғалымның өмірі мен ғылыми ізденістері жайында тұщымды дүние жасауды басты міндетіміз деп білеміз. Жобада әл-Фарабидің ғылыми жетістіктерге оқу, ізденіс, еңбек пен даналықтың арқасында жеткені баяндалады. Мұндай көркемдік, концептуалды шешім экран алдындағы бүлдіршіндердің ізденіске, еңбек пен оқуға бет бұруына себепкер бола алады деген ойдамыз, – дейді арна директоры Мақпал Жұмабай.
Анимациялық телехикая әлемдік өркениет пен мәдениеттің ошағы болған ежелгі Тикаль, Афина, Бағдат, Каир, Шаңан, Фараб қалаларын таныстырудан басталады.
«Әл-Фараби» анимациялық жобасы «Balapan» телеарнасынан дүйсенбі-жұма күндері сағат 20:10, 23:00-де көрсетіледі.
Телеарна биыл оқу-танымдық, шытырман оқиғалы, ойын-сауықтық жанрда 27 анимациялық жоба ұсынады. Оның ішінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің елім», «Бабалар ізі», «Бауыржан», «Алпамыс», «Қазақстан – қызғалдақтар мекені», «Тәуелсіздіктің алтын кілті» және «Ғарышкер бала Жігер» сынды анимациялық туындылар бар.