Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Акциз және көлеңкелі нарық: халықаралық тәжірибе не дейді?

22 Мамыр 2025, 16:34
607
Бөлісу:
 Atr.kz
Фото: Atr.kz

Салық кодексінің жаңа жобасында энергетикалық сусындарға акциз енгізу туралы ұсыныс бизнес қауымдастығының арасында үлкен алаңдаушылық туғызды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс саладағы өндіріс көлемін қысқартып, жұмыс орындарының жойылуына және инвестициялардың азаюына алып келуі мүмкін, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мамандардың айтуынша, акциз енгізу ең алдымен алкогольсіз сусындар өндірісіне әсер етпек. Бұл шешім өндірістің қысқаруына, жұмыс орындарының азаюына және экономикаға инвестиция көлемінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Акциз енгізілсе, өндіріс көлемі 30%-ға, ал жұмыс орындары 20%-ға қысқаруы мүмкін. Бұл – еліміз бойынша шамамен 5 000 жұмыс орнының жоғалуы. Жыл сайын еңбек нарығына 350 мыңнан астам жас қазақстандық шығатын, ал 2044 жылға қарай жұмыс күшінің саны 12 миллионға жетуі мүмкін жағдайда, кез келген жұмыс орнының қысқаруы әлеуметтік-экономикалық шиеленісті арттырады. Айта кету керек, энергетикалық сусындар өндіруші компаниялар халықтың табысын арттыруда маңызды рөл атқарады. Мысалы, бұл кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы шамамен 550 383 теңгені құрайды, ал дистрибуция саласындағы қызметкерлер айына орта есеппен 496 205 теңге алады. Бұл – еліміздегі орташа жалақыдан едәуір жоғары, - дейді "Еуразия энергетикалық сусындары" қауымдастығының төрағасы Ермек Шериязданов.

Бүгінде алкогольсіз сусындардың жылдық экспорт көлемі 80 миллион литрден асады, оның 60 миллионынан астамы энергетикалық сусындар саласына тиесілі. Мұндай жетістік, ең алдымен, елімізде бизнес жүргізуге барлық жағдайдың жасалуымен байланысты.

Алайда салық кодексіндегі өзгерістер Орталық Азия нарығында табысты жұмыс істеп жүрген және Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдеріндегі жаңа нарықтарға енуді бастаған отандық компаниялар үшін үлкен кедергіге айналуы мүмкін.

Салықтың алғашқы жылында-ақ мемлекет 6 млрд теңгеге дейін жоғалтуы мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада бұл көрсеткіш салық, инвестиция және әлеуметтік төлемдер түрінде 385 млрд теңгеге дейін жетуі ықтимал.

Салдары басқа салаларға да тиеді

Қант өндірісі, орама материалдары, логистика, дистрибуция және бөлшек сауда сияқты ілеспе салалар да айтарлықтай зардап шегеді. Жергілікті шикізатқа деген сұраныс төмендеп, отандық жеткізушілердің тапсырысы азаяды, - дейді Ермек Шериязданов.

Халықаралық тәжірибеден сабақ алу

Әлемдік тәжірибе акциз мөлшерлемесінің артуы кері әсер беретінін көрсеткен.

Әзербайжан: Акциз күрт өскеннен кейін нарықтың 80%-дан астамы көлеңкеге кеткен. Бюджет салықтан айырылды, тұтынушылар қауіпсіз өнімнен қағылды. Сала әлі күнге дейін толық заңдастырылмаған.

Польша: Тәтті сусындарға салықтың өсуі заңсыз импорттың күрт артуына себеп болды. Кейіннен үкімет сараланған салық жүйесін енгізді.

Грузия: Кіші және орта бизнес ең көп зардап шекті. Бірнеше жылдан кейін үкімет жергілікті компанияларға жеңілдіктер беретін кезең-кезеңімен енгізілетін жүйені қабылдады.

Армения: Көрші елдермен салыстырғанда акциз мөлшерлемелерінің тең болмауы "көлеңкелі" импорттың өсуіне әкелді. Шешім ретінде ЕАЭО-мен мөлшерлемелер теңестіріліп, ең төменгі бөлшек баға (ЕББ) енгізілді.

2025 жылға арналған акциз мөлшерлемелерін салыстырсақ:

• Қырғызстан: 36 тг/л;
• Ресей: 50 тг/л;
• Қазақстан (жоспар): 180 тг/л.

Мұндай айырмашылық көршілес елдерден арзан өнімнің заңсыз жолмен әкелінуіне жағдай жасайды. Мәселен, Ресейде энергетикалық сусынның бір банкісі Қазақстанға қарағанда 390 теңгеге арзан.

Бұл жағдайда отандық өндіруші бәсекеде жеңіліске ұшырайды. Шекара маңындағы өңірлерде "көлеңкелі" импорттың белгілері байқалып отыр, ал акциз енгізілсе, заңсыз сауда көлемі артады, - деді "Еуразия энергетикалық сусындары" қауымдастығының төрағасы Ермек Шериязданов.

Өндірушілер теңгерімді шешім ұсынады – көрші елдермен тең минималды акциз мөлшерлемесін және ең төменгі бөлшек бағаны енгізу.

Өзгелердің жаңалығы