Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жер бетіндегі ең биік тау жүйесі Гималайдағы Пумори тауының оңтүстік шыңы Кала-Патхарды бағындырған əуесқой альпинист, елордалық Мария Əуезованы қабылдады. Бұл туралы Мəдениет жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны биіктігі 5364 метр болатын шыңның басына 10 күнде шыққан екен. Бұл жолда Мариямен бірге тәжірибелі альпинист Вадим Цхве мен күйеуі Мұхтар Әуезов болған. Ол осы сапарға бір жарым жыл дайындалған.Министр өз сөзінде Марияны осынау жетістігімен құттықтап, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.
Мария, сізді Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан осы жетістігіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз осы қадам арқылы жастардың бойына сенімділік ұялатып, алға қойған кез келген мақсатты бағындыруға болатынын паш еттіңіз,-деді Ақтоты Райымқұлова.Мария жергілікті климатқа қайта бой үйреткеннен кейін жаттығу залына барып, әлемдегі ең биік шың – Эвересті (8 849 метр) бағындыруға дайындалатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Мария Бурабайдағы үш шыңды бағындырған.