Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автожол жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл аталған өңірде жұмыстардың барлық түрімен 24 нысан қамтылып отыр.
Мәселен, республикалық «Қандыағаш-Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау қарқын алған. Бұдан бөлек, Ресеймен шекаралас «Самара-Шымкент» жолының 526-590 және 965-990 км учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Ақтөбе-Орск» автожолындағы «Әлімбет» өткізу бекетін жайластыру бойынша жоба-сметалық құжаттама жетілдірілуде.
Биыл өңірде жергілікті жүйені дамыту жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма» жолының 21,5-35,3 км мен «Ақтөбе-Орск» автожолындағы 8-16 км учаскелерінде қайта жаңарту шаралары қолға алынған. Бұдан бөлек, жолшылар Бұлақ ауылына барар жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Күрделі жөндеумен «Шұбарқұдык-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автожолының 334-371,9 км және «Қобда-Мартық» автожолының 0-30 км учаскелері де қамтылған.
Ауқымды жұмыстар облыстық және аудандық маңызды жолдарда да іске асуда. Оларға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы ретте бірқатар жоба бар. Бұлар: «Шалқар-Бозой-Өзбекстан шекарасы» 20-50км, «Қобда-Мартық» 30-52 км, «Покровка-Темір-Кенкияк-Эмба» 111-145 км, «Ойыл-Қараой» 0-75 км, «Светлый-Кұмкұдық-Жабасақ-Байжанкөл» 10-68 км, «Ақтөбе-Родниковка-Мартық» 42-93 км, «Бородиновка-Степное» 0-15 км, «Вознесеновка-Жаңажол-Мартық-Полтавка» 0-15 км. Орташа жөндеу Тассай, Тасөткел, Табантал, Құмқұдық, Көптоғай мен Шұбарши елдімекендеріне баратын жолдарға да жүргізілуде.
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6921 шақырымды құрайды. Олардың 1869-ы – республикалық, ал 5052-і – жергілікті маңызды автожолдар.