Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конституция күніне орай өткізілген әлеуметтік акцияға қырыққа жуық автокөлік қатысты, деп хабарлады Aktobenews.kz.
Қимыл қозғалысы аз тұрғындарға көрсетілетін «Инватакси» қызметін насихаттау барысында өткен шараға қырыққа жуық автокөлік қатысты. Қала орталығынан басталған шеру Мәртөк ауданына дейін жалғасты. Негізгі мақсат – әлеуметтік қызметке қоғам назарын аудару және мүгедектерге тегін қызмет ететін арнайы автокөліктер паркін құру.
«Біздің қалада жолаушылар тасымалдайтын өзге көліктермен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарға инватакси қызмет көрсетеді. Бұл қызмет 2005 жылдан басталып тұрақты жүзеге асып келеді. Бұның арқасында қаламыздың ерекше қажеттіліктері бар азаматтары белсенді өмір сүріп жатыр. Мыңнан астам адам оқуға, жұмысқа, мәдени, спорттық іс-шараларға қатысып келеді. Автошеруге осы қызметтің нәтижесін көрсету мақсатында Ақтөбе облысы бойынша инватакси қызметіндегі 20 автокөлік жиналды. Бұл салтанатты шеруге қатысушы автокөліктер жергілікті белсенді азаматтардың және үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен қолға алынып отыр», - дейді Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражова.
Сонымен қатар, инватакси қызметі Ақтөбе қаласынан бөлек Шалқар, Темір, Мұғалжар, Қарғалы, Мартөк аудандарында жүйелі жолға қойылған.