Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында Пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандардың 94 пайызы жұмыспен қамтылған деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл жыл басынан бастап Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты өңірдегі 15 аудандық Пробация қызметінің қолдауымен пробация есебінде тұрған 231 сотталған (2020 ж.- 224 сотталған) жұмысқа орналасты. Нақтырақ айта кетсек, істі болғандар өңірдегі жеке кәсіпорындар мен әлеуметтік жұмыс орындарына және жұмыс орындарының квотасы арқылы ақылы қоғамдық жұмыстарға тұрды.
Пробация қызметкерлерінің айтуынша, облыс көлемінде жұмысқа орналасқан есепте тұрған сотталғандардың 19 пайызының мамандығы болмаған.
Жұмыспен қамту орталықтарымен өткізіліп келе жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың әлеуметтік жағдайын көтеруде маңызы зор екенін ерекше атап өткім келеді. Мәселен, биыл жыл басынан бастап облыс бойынша 23 бос жұмыс орнының жәрмеңкесі өткен болса, оған облыстағы пробация қызметтерінің есебінде тұрған барлығы 146 сотталған қатыстырылып, нәтижесінде 70 есепте тұрған сотталған (2020 жылы 50-ден астам) тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жалпы, Пробация есебінде тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыру – сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алып, олардың түзелуіне ықпал етеді, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД Пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Азамат Наукенов.
Пробация қызметкерлерінің ықпалымен жұмысқа орналасқан есепте тұрған азаматтар арасында түзеу мекемелерінен босап шыққан сотталғандар да бар. Бір ғана мысал, ҚР ҚК-нің 73-бабына сай түзеу мекемесіндегі жақсы тәртібі үшін жазасы жеңілдетіліп, жазасының өтелмеген қалған бөлігі бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаға ауыстырылған сотталған К. аудандағы Жұмыспен қамту орталығы жанындағы қысқа мерзімді оқу курсына жолданып, нәтижесінде “электромонтер” мамандығын алып шықты. Қазіргі таңда ол, осы аудандағы “Дөн тау-кен байыту” комбинатына мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, адал еңбегімен отбасын асырап келеді.