Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда “Visit Aktobe” визит орталығының ашылу салтанатына қатысты.
Жобаның басты мақсаты — ішкі туризмді дамыту.
Орталықта өңірдің туристік нысандарына қатысты кеңес беру қызметтері көрсетілетін болады. Сонымен қатар жергілікті өндірушілер мен қолөнершілердің брендтелген өнімдері тұратын бұрыш орналасқан,- дейді Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Жалпы, “Visit Aktobe” — бұл әрбір қалаған адам өңірдегі жергілікті туристік өнімдер, көрнекі жерлер, тарихи құндылықтар, шаралар, экскурсиялық маршруттар және т.б. жайында толық ақпарат алуға болатын туристік-ақпараттық орталық.
Бүгінде бізде 18 туристік маршрут жұмыс жасайды, туристерді орналастыратын жүздеген орын мен сексеннен аса мәдени ескерткіштер бар. Осылардың барлығы жайлы айтып, көрсететін болады,- деп нақтылады Нұрхан Тілеумұратов.
Облыс әкімі визит орталықтың азаматтарды қабылдауға дайындығына баға беріп, ұжым алдында бірқатар тапсырмалар берді және өңір игілігі үшін табысты қызмет атқаруларын тіледі.
Мәдениет басқармасымен тығыз жұмыс істеңіздер, өйткені туристерді қызықтыратын көптеген шаралар өткізіледі. Мәселен, Димаш Құдайберген қатысатын жыл сайынғы «Бақытты бала» халықаралық фестиваль-байқауы, сондай-ақ, жарынға жоспарланған халықаралық көшпенділер фестивалі. Біздің өңірге келетін қонақтарды осындай шаралар туралы хабардар етіп отыру керек,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.