Ақтөбе бағында жеміс ағаштары отырғызылады

26 Қыркүйек 2019, 09:22
2236
Бөлісу:
Ақтөбе бағында жеміс ағаштары отырғызылады

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Ақтөбенің үш шағын бағында жеміс ағаштары отырғызылады. Бұл істі шаһардың жасыл желек белдеуін арттыруға үлес қосып жүрген белсенді еріктілер атқармақ, деп хабарлады Хабар 24. 

Қазір олар жергілікті әкімдікпен келіссөз жүргізуде. Ақтөбелік белсенді еріктілердің бірі Евгений Лазарчук қазір талшын, емен және өрік ағаштарының тұқымдарымен жас шыбықтарын жинауда. Себебі, бірер аптадан кейін қаланың көрікті жерлеріндегі бақтарда отырғызбақ. Бұл Ақтөбенің микроклиматын жақсартуға қатысты туған идея. Евгенийдің жоспарын әлеуметтік желі арқылы білген тұрғындар қажетті тұқымдарды әкеп беруде. Алматы, Орал тіпті Ресей астанасынан келіп жатыр.

"Жоспар бойынша тұқым және жас көшеттер суландыру жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұрған жерлерде отырғызылады. Себебі талшын, емен және өрікке аса күтім қажет. «Шалқар» бағында, «Денсаулық» саябағында және Жеңіс даңғылындағы шағын алаңға отырғызуды көздеп отырмыз. Бұл қаланың жасыл желек аумағын арттыруға үлес қосуы тиіс. Себебі соңғы жылдары көптеген тал-теректер қурап қалды. Оның нақты саны әлі белгісіз", - деді «Дыши, Ақтөбе» еріктілер ұйымының жетекшісі Евгений Лазарчук.

Евгений секілді қаланың экологиялық ахуалына алаңдайтын еріктілер жетерлік. Бірі жасыл белдеудің күтімсіз қалғанын жария етіп жүрсе, енді өзен-көлдердің сусыз қалғанын мәселе етіп көтеруде. Тұрмысы төмен тұрғындар мен түрлі дертке шалдыққан жандарға көмектесуді жолға қойғандардың да ісі көпке үлгі. Еріктілердің басым бөлімін студент-жастар құрайды. Қазір олардың шәкіртақысын көтеру мәселесі қаралып жатыр.

"Бүгінгі таңда бұл екі бағытта жүзеге асырылады. ЖОО-ның қызметтері волонтерлік қызметпен айналысатын ол 20 сағаттық қызмет және 50 сағаттық қызмет жасауы қажет оқу жылында. Осы жұмыстар барысында оларға стипендия төленетін болады. Стипендияның көлемі білім және ғылым министрлігімен анықталатын болады. Ал қызмет берушілер ол өңірдегі әлеуметтік - қоғамдық ұйымдар болып табылады", - деді  облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Елеуов.

Бүгінде өңірде 35 еріктілер тобы бар. Барлығы да қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді.

Өзгелердің жаңалығы