Ақтаулық оқушы коронавируспен күресіп жатқан атасына арнап ән шығарған

17 Қаңтар 2021, 11:40
5299
Бөлісу:
Ақтаулық оқушы коронавируспен күресіп жатқан атасына арнап ән шығарған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтаулық Әмина Қолғанатова «Жаратқан Алла, індеттен сақта» әні арқылы атасының қауіпті вирустан тезірек жазылуын тілеген, деп жазды 24.kz. 

Жуырда бұл әнге бейнебан түсіріліп, әлеуметтік желіде көптің қолдауына ие болды. Бейнебаянның біраз бөлігі Маңғыстаудағы көрікті жерлердің бірі – Бозжырада түсірілген. Қазақтың ұлттық киімін киген 10 жасар Әмина биік шоқының үстінде ән айтып тұр. Әлемді алаңдатқан жұқпалы дерттен атасының тезірек айығуын тілейді. Бейнебаянда Ақтау ауруханаларындағы коронавируспен күрескен азапты күндер мен түндер де бейнеленген. 

Жазда атам коронавирус жұқтырып, қатты ауырып қалды. Үйдегілердің барлығы уайымдады. Мен де оның дерттен сауығуын тіледім, қатты қорықтым. Атамыз тезірек жазылса екен деп дұға тілеумен болдық,- дейдә Әмина.

Ол 4-сыныпта оқиды. Төрт жасынан бастап ән айтады. Оның өнерінің басты қолдаушы -атасы. Вокал үйірмесіне өзі апарып, ән әліппесін де өзі үйреткен. Кейіннен бірнеше әнге сөз жазып беріпті. 

Бұл маған үлкен сый болды. Ауырғаным да рас, қиналғаным да. Өзімнен басқа айналамдағы туған-туыс, бала-шаға, келіндердің қиналғанын мен де сезіп жаттым. Бұл бүкіл адамзатқа келген бір тажал болды. Әлі де қауіп сейілген жоқ. Сондықтан да бұл осы індетке қарсы адамзаттың гимініне айналса, бүкіл Қазақстанда, басқа әлемнің де халқы індеттен тезірек құтылса деген тілегіміз бар, әннің – дейді Қолғанат Нұржаубайұлы.

Әннің сөзін ақын Сабыр Адай жазған. Ал бейнебаянның түсірілуіне авторы Марат Оразбаев көмектескен. Өнер әлеміне енді қанат қаққан Әмина болашақта тағы бірнеше бейнебаян түсіруді көздеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы