Ақтауда халықаралық конференция өтіп жатыр

21 Қазан 2021, 13:15
1256
Бөлісу:
Ақтауда халықаралық конференция өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19-21 қазанда Ақтау қаласында Каспий өңірінің көлік-коммуникациялық кешенін дамыту перспективаларына арналған «Caspian Ports and Shipping – 2021» II халықаралық конференциясы өтіп жатыр.

Форумға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев қатысып, министр Бейбіт Атамқұловтың атынан құттықтау сөз сөйледі.

Ақтауда халықаралық конференция өтіп жатыр

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің атынан және жеке өз атымнан «Каспий порттары және кеме қатынасы» II Халықаралық конференциясының қатысушылары мен қонақтарына сәлем жолдаймын. Қазақстан Еуразия құрлығының маңызды көлік желілерінің ортасында орналасқан. Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір және сенімді әріптес. Бұған көрме мен конференцияға қатысушылардың халықаралық құрамы да дәлел бола алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көлік-логистика кешенін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Президенттің тапсырмасы бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы әзірленді. Ол Каспий өңірін дамытуға қосымша серпін береді. Халықаралық конференция Каспий өңірінің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға, ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін, - деді Баймишев.
Конференцияға әлемдік деңгейдегі көлік және логистика саласындағы 80-нен астам түрлі ұйым өкілдері, Еуропалық Одақтың 11 елшісі, оның ішінде Бельгия, Болгария, Хорватия, Финляндия, Германия, Латвия, Румыния, Испания, Эстония, Нидерланды елшілері, Каспий маңы елдері мен Түркияның консулдары, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүшелері қатысты.

Ақтауда халықаралық конференция өтіп жатыр

Конференцияда Каспий өңіріндегі сауда сұранысы, көлік саласына инвестиция салу перспективалары, жүк ағындарын контейнерлеу, инфрақұрылымды цифрландыру, «жасыл экономиканы» дамыту мәселелері талқыланды.  

Форум аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарына бару ұйымдастырылып, іс-шараға қатысушылар порттардың қуатымен және оларды дамыту перспективаларымен танысты.

Биылғы 9 айда осы порттар арқылы 4,1 млн.тонна жүк тиеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда астықты ауыстырып тиеуде 50%-ға оң динамика байқалады. (2021 жылы 9 айда - 1,1 млн. тонна, 2020 жылдың 9 айында – 733 мың тонна). Сондай-ақ контейнерлер тиеу - 24% (2021 жылдың 9 айында - 29,6 мың ЖФЭ, 2020 жылдың сәйкес кезеңінде - 23,8 мың ЖФЭ) артты.

Ақтауда халықаралық конференция өтіп жатыр

Каспий бағытындағы көлік қатынасын дамытудың басым міндеттерінің бірі - теңіз порттары мен отандық сауда флотын дамыту, оның ішінде Ақтау порты базасында «контейнерлік хаб» құр. 2025 жылға қарай контейнер ағыны жылына шамамен 100 мың ЖФЭ артады деп болжанып отыр.

Конференция делегаттарының қатысуымен 20 қазанда вице-министр Руслан Баймишев «Каспий порттары және кеме қатынасы – 2021» халықаралық көрмесін салтанатты түрде ашты.

Іс-шара барысында Р.Баймишев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі атынан конференция мен көрмені ұйымдастырушылардың өкілдеріне саланың дамуына қосқан үлесі және конференцияны ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар табыс етті.

Жалпы Каспий форумы мемлекет пен бизнестің көпжоспарлы қарым-қатынасы мен Азия мен Еуропа арасындағы көлік қатынасын одан әрі дамыту үшін сындарлы ұсыныстар әзірлейтін алаңға айналады.



Өзгелердің жаңалығы