Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 маусымнан бастап Ақтау халықаралық әуежайы жобаға ресми түрде қосылады. Маңғыстау облысында 286 кәсіпорын «Аshyq» жобасы бойынша жұмыс істеуде. Оның ішінде 258 нысан ресми түрде жобаға енді, ал 28 нысан тесттік режимде қызмет атқарып жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева мәлім етті, деп хабарлайды облыстың Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жанна Тоқбаеваның айтуынша, 28 мамыр күні жобаға тағы 10 қәсіпкерлік нысан қосылады. Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжан да қатысты. Оның мәліметінше, Маңғыстау облысында «Ashyq» жобасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 5548, 3502 және 6656 әскери бөлімдері тіркелді.
Бұдан бөлек «Ashyq» жобасы бойынша келесі мекемелер жұмыс істейді: «Каскор-Машзавод» АҚ, Абай атындағы мәдени-сауық кешені, Маңғыстау индустриялық паркі, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, «Отпан» МКҚК, Маңғыстау облысының қуыршақ театры, Ғылыми-әдістемелік және мәдени-демалыс қызметі орталығы, «Каспий» кәсіби футбол клубы, Маңғыстау өнер колледжі және Маңғыстау туризм колледжі. 22 мамырдағы №22 қаулыға сәйкес, «Ashyq» жобасы бойынша лото клубтардың қызметіне де рұқсат етілді, – деді Аққу Айтжан.