Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 120-тармағына сәйкес, ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бұл туралы АҚДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Енгізілетін түзетулер бақылау мен жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңның жекелеген нормаларын қолдану аясын кеңейту секілді екі міндетті шешуді көздейді.
Мемлекет басшысына жыл сайын ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп енгізіледі, ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органның функциялары беріледі деп болжануда, - делінген ведомство хабарламасында.
Бұдан басқа, ақпарат иеленушілер қатарына кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерін, атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыратын өзін-өзі реттейтін және ҮЕҰ жатқызу ұсынылады.
Әзірленген түзетулер қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралатын ақпарат мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді.