Ақмола облысы «қызыл аймақтан» шықты

8 Желтоқсан 2020, 20:14
1555
Бөлісу:
Ақмола облысы «қызыл аймақтан» шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысты, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы. Бұл туралы zakon.kz жазды.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина хабарлағандай, өткен тәулікте облыста КВИ-мен ауыратын 60 науқас тіркелді, оның 30-ы Көкшетау қаласына тиесілі. Алдыңғы аптамен салыстырғанда аурудың өсу көрсеткіші төмендеді.

Инфекциялық стационарда 322 науқас ем алуда. Медициналық бақылаудағы үй карантинінде 1914 адам жатыр.

Қараша айының басынан бастап профилактикалық тестілеу көлемі ұлғайтылды, соның арқасында симптомсыз тасымалдаушылардың 30% анықталды. Бүгінгі күні барлық жұмыс істеп тұрған зертханалар интеграциядан өтіп, барлық талдаулар бірыңғай жүйеге келіп түседі.

Ведомствоаралық комиссияның ұсынымы бойынша осы апта ішінде эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізілетін болады. Ауру деңгейі тұрақты төмендеген жағдайда алдағы уақытта өңірдегі карантиндік шараларды жеңілдету мәселесі қаралады, - деп атап өтті Мусина.

Мониторингтік топтар жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта облыста карантиндік-шектеу шараларын түсіндіру және олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету бойынша 76 мониторингтік топ жұмыс істейді. 1 қазан мен 6 желтоқсан аралығында рейдтермен 6 мыңға жуық нысан қамтылып, 521 бұзушылық анықталып, 800 айыппұл салынды.

Айта кетейік, 1 қазаннан бастап облыста коронавирустық инфекцияның зертханалық расталған 2315 жағдайы тіркелген. 



Өзгелердің жаңалығы