Үкімет өңірлердің сауданы дамыту, кәсіпкерлікті өркендету және тауар айналымын ұлғайту мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне нақты өсу нүктелері, инвестициялық жобалар және межелі көрсеткіштері қамтылған сауданы дамыту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді тапсырды.
Қазіргі таңда елдегі тауар айналымының басым бөлігі ірі өңірлер мен қалаларға тиесілі. Сонымен қатар әрбір өңір алдағы уақытта сауда көлемін арттыру үшін өзінің әлеуетін барынша тиімді пайдалануы тиіс.
Шекара маңындағы аумақтар мен туристік әлеуеті жоғары өңірлерге ерекше көңіл бөлінеді.
Үкімет арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндігін пайдаланып, сауда, өңдеу өнеркәсібі және кәсіпкерлік бағытындағы заманауи орталықтарды қалыптастыру қажет деп санайды.
Сауда және интеграция министрлігіне берілген тапсырмалардың орындалуын үйлестіру және бақылауды қамтамасыз ету жүктелді.
Шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің айтуынша, кәсіпкерлер өз бастамаларын жүзеге асырып, өндіріс көлемін ұлғайту үшін қажетті қолдауға ие болуы керек.
Мемлекеттік органдар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өңірлердегі бизнеспен өзара жұмысты жалғастырып, туындайтын мәселелерді жедел шешуге күш салады.
Сауда мен кәсіпкерлікті дамыту елдегі іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болады.