Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әкімдіктер әйелдерге жүктіліктен қорғану құралдарын таратады

6 Тамыз 2025, 13:06
546
Бөлісу:
 - архив/ Бауыржан Жуасбаев
Фото: - архив/ Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда әйелдердің әлсіз санатын тегін контрацептивтермен қамтамасыз ету мәселесі жергілікті атқару органдары деңгейінде шешіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, бұл шараны Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова экстрагениталдық патологиясы бар әйелдердің өлімін төмендету үшін қолдануды ұсынған.

Министр әлсіз топтардың құқығы туралы айтқанда, ол ауыр созылмалы дертке шалдыққандарды айтты. Ондай жағдайда жүктілік организмге күрделі күш түсіріп, ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Ол әйелдер жоспарсыз жүктіліктің алдын алу үшін контрацептивтермен қамтамасыз етілуге тиіс, - деді Ержан Нұрлыбаев.

Сонымен қоса препараттармен қамтамасыз ету әкімдіктер және емханалар арқылы жүзеге асырылады. Ал оның көлемі осы санатқа кіретін әйелдердің санына байланысты анықталады.

Аталған санатқа қосу Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен медициналық талаптарға сәйкес қатаң түрде анықталады. Бұл жаппай тарату емес, репродуктивті денсаулықты сақтау мақсатында қолдаудың нақты шарасы, - деп түсіндірді ведомство басшысының орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі аналар өлімін төмендету үшін кешенді тәсіл аясында қандай шаралар қабылдау қажеттігін айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы