Әкімдік ғимаратында таяқ жеген азамат ес-түссіз жатыр

Бүгiн, 18:41
500
Бөлісу:
Әкімдік ғимаратында таяқ жеген азамат ес-түссіз жатыр
Фото: Видеодан кадр

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында әкімдік ғимаратында төбелес болып, қазір оңбай таяқ жеген азамат ес-түссіз жатыр. Оқыс оқиға наурыздың 14-нен 15-не қараған түнде болған. Сол түнде ғимарат күзетшісіне сырттан таныстары кіріп, алкогольді сусын ішкен. Ішімдіктің уыты денеге дарыған кезде араларында өзара келіспеушілік туындап, А есімді азамат дене жарақатын алған. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне аудан әкімдігінен хабарлады. 

Оқиғаға қатысты азаматтар мемлекеттік қызметкерлер емес, бюджеттік мекеме-ұйымдарға да қатысы жоқ. Оқиға жұмыстан тыс уақытта, түнгі мезгілде орын алған. Әкімшілік ғимаратын күзетуді Орал қаласындағы жеке компания жүзеге асырады. Осы серіктестіктің қызметкері әкімдік ғимаратына А және Б есімді бөгде азаматтарды кіргізген. Араларында жанжал шығып, А есімді азамат ауыр жарақат алған. Болған жағдайдан кейін аталған күзет серіктестігімен келісім-шартты үзу жөнінде біз ресми хат жолдадық, - дейді Сырым аудандық әкімдігінің аппарат басшысы Ерболат Ахметов. 

Қазір 1981 жылы туған ер адамға қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша Сырым ауданының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. 

Бүгінгі таңда күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысушылар мен куәгерлердің барлығы да белгілі. Олардан жауап алынды. Қылмыстық істің тергелу барысын бақылауда ұстап отырмыз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғали. 

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасынының мәліметінше, зардап шеккен азаматты 15 наурыз күні күндізгі сағат 11:20-да Сырым аудандық ауруханасына полиция қызметкерлері өздері алып барған.  

Сол жерде науқасқа шұғыл операция жасалған. Одан соң облыс орталығы Орал қаласынан санитарлық авиация бригадасы шақыртылып, сол күні Орал қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Қазіргі жағдайы ауыр, - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Шынар Қапаева. 

Түнгі төбелестен кейін түскі 11:20-ға дейін таяқ жеген азамат қайда болған, оған неге медициналық көмек уақтылы көрсетілмеген? Қазір жәбірленушінің туыстарын осы сұрақ толғандырады. Інісі Әділжан Жантуховтың айтуынша оңбай таяқ жеген ағасын түнгі 2-лерде ғимарат күзетшісі А мен екінші Б есімді жігіт көшеге, әкімдіктің алдындағы пандусқа шығарып тастайды. Таңғы  7-лерде аппарат басшысы Ерболат Ахметов жұмысқа келіп, сыртта сұлап жатқан кісіні көріп, полиция шақыртады.  

Ағам бұрын сол әкімдікте күзетші болды. Бірер ай бұрын ғана кетті қызметтен. Бұрынғы жұмыстасына барып тұр ғой. Әкімдіктегілер де оны жақсы таниды, үйінің адресіне шейін біледі. Бірақ ешкім жеңгеме хабар бермеген, іздемеген. Үй-күйсіз біреу деп ойладық дейді. Қалай олай ойлайды, үстінде дұрыс киінген. Тіпті үй-күйсіз «бомж» болған күннің өзінде, ол да адам баласы емес пе, аса ауыр халде жатқан кісіге көмек көрсетпеу деген не масқара? Екі полиция келіп патрульдік көлікке салып алып кеткен. Неге аппарат басшысы жедел жәрдем шақырмаған, неге полииция қызметкерлері дәрігерге ерте апармаған, неге әкімдік ғимаратының күзетшісі ағамның семьясына ештеңе айтпаған. Қанша дегенмен бұрынғы әріптесі ғой. Полицияға апарғанда да жатып қалған үлкен бастықтары келгенше.  Ағам бір кісіден таяқ жей қоймайтындай, ірі денелі қарулы жігіт. Қатты нәрсемен соғып, майып қылды деп ойлаймын», - дейді жәбірленушінің туған інісі Әділжан Жантухов. 

Ал БҚО Полиция департаменті болса, зардап шеккен азаматтың туыстарының айыптауын негізсіз, жалған ақпарат деп санайды. 

Өзгелердің жаңалығы