Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы барысында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов айтты.
Бүгін күрделі мәселелер талқыланып отыр. Осыдан 5 жыл бұрынғы комиссия жұмыстарына біз де қатысқан едік. Мораторийден кейін кейбір көтерілген мәселелер жүйелі түрде шешімін таппады. Ақпараттың ашықтығы, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, жер иелері туралы нақты ақпараттар айтылмады. Бүгін осы мәселелерге қайта айналып келіп отырмыз. Ең алдымен, концептуалды мәселелерді талқыласақ. Шетелдіктерге қатысты мәселе бойынша Президент барлық жауапкершілікті мойнына алды. Жер шетелдіктерге жалға да берілмейді, сатылмайды да. Бәріміз қолдаймыз. Сол арқылы комиссияның бір үлкен жұмысы шешілді деп ойлаймын, - деді ол.
Тағы бір мәселе - біздің азаматтарға жекеменшікке ауыл шаруашылығы жерлерін беру.
Бұл - негізгі мәселелердің бірі. Жеке өзім ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге қарсымын. Қарсы болатын себебім, азаматтардың 99 пайызы ауыл шаруашылығы жерін иеленбеген. Кезінде жер бөлінгенде басы-қасында болмаған, оған қызықпаған. Сол азаматтардың 99 пайызы жер мәселесіне араласуы тиіс, - деді ол.
Спикер отырыс барысында жалға жер беру нарығын дамыту қажеттігін атап өтті.
Көп елде жерді жалға беру нарығы бар. Жылдан-жылға бағасын белгілеп отырады және азаматтар жалға беру арқылы табыс тауып отыр. Меніңше, бұл - көп мемлекетте қолданыстағы тиімді жүйе. Бізге де соны пайдалануға болады, - деді Әбенов.
Қоғам қайраткері қозғаған үшінші мәселе – жерді бөлудегі жариялылық.
Жергілікті әкімдер жерді өздері бөліп, өздері бақылап, өздері баға беруі дұрыс емес. Бұл үлкен сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Алысқа бармай-ақ, ҚазҰУ жерлері мәселесін алайық. Менің ойымша, дәл осыған барлық әкімдердің тікелей қатысы бар. Шпекбаевтың агенттігі жер қатынасыны бойынша толық ақпарат берсе деген ұсынысым бар. Мысалы, жерге қатысты қандай сыбайлас жемқорлық мәселелері қаралып жатыр, екіншіден, тек ауыл шаруашылығы жағынан ғана емес, экономика жағынан да жерді тиімді пайдаланудың болашағы қандай, қандай демографиялық өзгерістер бар, алдағы уақытта жер қатынасы әлеуметтік салаға қалай әсер етеді деген сияқты ақпараттардың бізде болғаны дұрыс. Сонда шешім қабылдауға да оңай болады, - деді ол.