Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы, Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінің алғашқы отырысында көтерген саяси бастамаларына қатысты пікірін білдірді.
Оның айтуынша, ауыл әкімдерінің сайлауы – «әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасын іске асыратын қадамның бірі.
Саяси саладағы жаңарулар қатарында әкімдер сайлауы маңызды оқиғалардың бірі деп есептеймін. «Әкім болсаң, халыққа жақын бол» деген нақыл сөз бар. Халыққа жақын басшы болу үшін – билік өкілі халықтың сеніміне ие болуы тиіс. Әкім сайлауында үміткерлердің ел сеніміне ие болуы үшін алдымен нақты істерге негізделген іс-қимыл бағдарламасы болуы қажет, - дейді ол.Оның пікірінше, бағдарлама бірінші кезекте тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қажет мәселелерді қамтуы керек.
Ол үшін әкімдікке үміткер сол ауылдың әлеуметтік жағдайын, экономикалық мүмкіндіктерін жақсы білгені жөн.
Мәселен, кез келген ауылдық елді мекеннің халқы үшін өзекті мәселелер – ауызсу, жол қатынасы, байланыс, жұмыспен қамту, тұрғын үй, тағы басқа жайлар болып саналады. Сонымен қатар, біз зейнеткерлердің, жастардың, жұмыс істеп жүрген азаматтардың, көпбалалы аналардың, яғни халықтың барлық санаттарының мұң-мүддесін естен шығармағанымыз жөн, - дейді Жанар Есембаева.