Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов "Ақынның қаламы – адалдық алаңы" атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады.
Облыстық жастар ресурстық орталығында "Жастар жылы" аясында аймақтағы шығармашыл жастардың шабытын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
"Ақыл – жастан, асыл – тастан дегендей, ақыл да, тың идея да жастардан бастау алады. Демек, жемқорлықсыз, жаңа тұрпатты қоғам құру жастардың қолында", – деді Алик Шпекбаев жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде.
Агенттік төрағасы мыңжылдығын ойлаған ел саналы ұрпақ тәрбиелейтінін баса айтып өтті.
Бейбіт Нұрдәулет Қызылорда облысының әкімдігі және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен өткен облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпазы атанды.
Жас ақын: "Ешкім жоқ ақиқаттан асқан әлі, Ақиқат адалдықтың бас қадамы. Үміт артсаң, қол созып ертеңіңе, Ертеңгі күн бүгіннен басталады", – деп жырлағандай, шараның мақсаты жастар бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, отансүйгіштікті кеңінен насихаттау және жас ақындар шығармашылығын демеу болды.
Мүшәйраның нәтижесінде жас ақындар шығармаларын жинақтап, көлемді данада шағын кітапшаларды басып шығармақшы.
Бұл өлеңдер жинағы халық арасында парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттауға өз үлесін қосады деген сенімде.