Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров әкімдер мен министрлердің жұмысын сынап, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Статистикаға қарасақ, әрбір қазақстандыққа, оның ішінде нәресте балаларды есепке алғанда, әр күн сайын жарты келі картоп тұтыну керек екенін білесіз бе? Ал бұл салыстырмалы түрде картоптың отаны Белорусь елінен бірнеше есе көп деген сөз. Мен статистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын, ашығын айтсақ, біздің еліміз картопты 2 есе аз өндіреді. Дәл осындай жағдай басқа да салада кездеседі. Яғни бұл ресми статистика мен шынайы өмірдің сәйкес емес екенінің анық мысалы, - дейді депутат.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, салалық одақтардың бағалауына сәйкес бидайға қатысты берілген есеп 3 миллион тоннаға артық. 2021 жылы Маңғыстаудан бастап бүкіл оңтүстік батыс өңірлерде қуаңшылық болғанын білеміз.
Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі ауыр жағдайға қарамастан 20,1 миллион тонна астық жиналғанын сүйінші сұрап жеткізгені есімізде. Жекелеген аймақтарда мал басын санағанда анықталған сәйкессіздік 40%-ды көрсетті. Осындай өтірік кімге, не үшін керек?! Жалған есептер еліміздің ауыл шаруашылығы саласын құрдымға жібермей ме?! Барлық деңгейдегі әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды. Былай айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың көрсеткіштерін өз бетінше еселеп, статистиканы түрлендіре береді. Ал бұл үшін жауапкершілік мүлдем қарастырылмаған, - деп айтты мәжілісмен.
Айдарбек Қожаназаров әкімдер арасында бәсеке болғаны жақсы екенін қоса кетті.
Әрине, әкімдердің арасындағы бәсеке деген жақсы. Бірақ әкімдер нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысып жатса, онда оны құптауға болады. Ал ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес. Мұның зиянын бюджетті жоспарлау кезінде көріп отырмыз. Нарықты реттегенде қате шешімдер қабылданады. Бәрін былай қойғанда, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін тас-талқанын шығаратынын баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы 2025 жылға ауыл шаруашылық саласының мәліметтерін қайтадан жүйелеу үшін нақты тапсырма бергенін білесіздер. Алайда Статистика бюросы тарапынан тиісті дайындық жұмыстары әлі күнге дейін басталмай отыр, - деп айтты ол.
Депутаттар мынадай қадамдарды ұсынды:
1. Әкімдіктердің жұмысын бағалау критерийі ретінде қолданылатын өнім көлемі индексі сенімді бизнес көрсеткіштеріге ауыстырылуы керек. Мүмкін кәсіпорындар рейтингін есепке аласыздар;
2. Әкімдердің жұмысын бағалауды нақты қолдарында тұрған бар құралдарға қарап бекітсе. Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірісіне бөлінген жер учаскелері, берілген субсидиялар, жасалған инфрақұрылымдар, тартылған инвестиция көлемі, несиелер көлемін айтуға болады;
3. Статистикалық есепті мал басын есепке алудың ақпараттық жүйесін, дақылдардың ғарыштық мониторингін, салық және зейнетақы есептеулер, кедендік декларацияларды және электрондық шот-фактуралардың базасын интеграциялау арқылы жүргізу;
4. Кәсіби фермерлерді, жетекші IT-компанияларды және халықаралық сарапшыларды тартып, жұмыс тобын құру арқылы ақпараттық, әдістемелік және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру керек;
5. Егер шаруа қожалығы жергілікті әкімдердің сұрауы бойынша өндірілген өнім көлемін ұлғайтып көрсететін болса, оған тиісінше салынатын салық көлемі де ұлғайтылуы қажет.