Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі азаматтарымызды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек осылай деді.
9 айдың қорытындысы бойынша облыста 400 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл ішінде 662 мың м² пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Аталған көрсеткіш облысымыз үшін 30 жылдың ішіндегі абсолютті рекорд. Құрылыстың қарқыны мен көлемін арттыру азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар құрылыс алаңдарында 5 мыңнан астам жұмыс орнының құрылуына және отандық құрылыс материалдары өндірісінің дамуына ықпал етеді. Жергілікті қарағандылық қамтуды «Сантехпром» болат панельді радиаторлар өндірісі, «КазПласт» және Bekem Plast полиэтилен құбырларының өндірісі, «NORD пром НС» темірбетон шпалдары өндірісі, энергия үнемдейтін құрылыс материалдарын шығаратын Prolux KZ Ltd сияқты кәсіпорындар қамтамасыз етеді - деп жазды әкім өз парақшасында.
«КМК Профиль» кәсіпорнында профильді қаңылтыр және «Қарағанды Неруд» пен «ТехноИндустрияда» текше тәрізді қиыршықтастың, «Изоплюс Центральная Азия» кәсіпорнында оқшауланған құбырлардың және т.б. құрылыс заттарының өндірісі ұлғайды.
Облыс бойынша барлығы 190 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Оның ішінде облыстың барлық 18 өңірінде 120 - ға жуық үй мемлекеттік бағдарлама аясында, ал қалғандары коммерциялық негізде салынуда. Олардың құрылысы аяқталғаннан кейін шамамен 10 мың отбасы тұрғын үй сатып алатын болады. Олардың ішінде осы жылдың соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрған 3 мыңға жуық адам жалдамалы және несиелік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі - деді Жеңіс Қасымбек.